Абай облысында 97 инвестициялық жоба іске асырылады

Абай облысында биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң серпін байқалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы хабарлады.
Оның айтуынша, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 100,8%-ды құрады. Бірқатар салаларда өсім байқалған: көлік саласында – 123,4%, байланыста – 106,4%, ішкі саудада – 105,9%, инвестицияда – 103,1%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 914,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 31,5%-ға артқан.
Роза Құдайбергенқызының айтуынша, облыс экономикасындағы тұрақты өсімге инвестициялық жобалардың артуы тікелей әсер етуде. Қазір аймақта жалпы құны 3,2 трлн теңгеден асатын 97 жоба жүзеге асырылуы жоспарлануда.
Басқарманың мәліметінше, жыл соңына дейін өңірде 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 767 жаңа жұмыс орны құрылады.