Абай облысының Антикоры заңсыз ақы өндіргендерді анықтады
Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Семей қаласы мен Аягөз ауданының әкімдігі пандемия кезінде шағын және орта бизнес субъектілерінен коммуналдық мүлікті жалдау ақысын заңсыз өндіргенін анықтады.
Мемлекеттік мүлікті жалдауға беру қағидаларының 53-1-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 17.03.2015 жылғы № 212 бұйрығы), 2020 жылғы 20 маусым мен 2021 жылғы 30 маусым аралығында шағын және орта бизнес субъектілері жылжымайтын мүлік объектісін жалдағаны үшін ақы төлеу қажеттілігі болмаған.
ШОБ субъектілерін жалдау ақысынан босату елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауымен байланысты.
Осыған қарамастан, ЖАО пандемия кезінде аймақтың 30 кәсіпкерін жалдау ақысын төлеуге міндеттеген.
Заңсыз есептеулердің жалпы сомасы 5 млн. теңгені құрады.
Департаменттің араласуынан кейін 2 кәсіпкерге 600 мың теңге қаражат қайтарылды, ал қалғандарымен қайта есеп жүргізу келісімі жасалды.