Абай облысының Аягөз ауданында 600 орындық мектеп ашылды
Бүгін Аягөз қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, ұстаздар, оқушылар және ата-аналарды айтулы оқиғамен құттықтады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған мектептердің өңірдің білім саласына тың серпін беретінін атап өтті.
Оқу-ағарту министрі мектептің пәндік оқу кабинеттерін, зертханаларды, спорт залды аралап, оқушылармен, мұғалімдермен, ата-аналармен пікірлесті. Мектеп оқушыларының өнерін тамашалады. Облыс әкімімен бірге мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.
Жаңа мектеп үш қабатты, заманауи талаптарға сай салынған үш ғимараттан тұрады. Жалпы аумағы 9 992,8 шаршы метр. 600 оқушыға арналған білім ордасында 35 оқу кабинеті бар. Оның ішінде физика, химия, биология, информатика, STEM және робототехника зертханалары толық жабдықталған. Сондай-ақ спорт және акт залдары, медициналық пункт, асхана мен алғашқы әскери дайындық кабинеті бар. Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейді. Мұнда 42 педагог қызмет етеді, олардың арасында 10 педагог-зерттеуші, 8 педагог-сарапшы және 11 педагог-модератор бар. Оқыту толық қазақ тілінде жүргізіледі.
Бұл – биыл Абай облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылған төртінші білім ордасы. Бұған дейін Бесқарағай ауданында 300 орындық, Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық мектептер пайдалануға берілген болатын.
Қазіргі уақытта облыс орталығындағы Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданының Екпін ауылында 300 орындық мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жолданған. Сондай-ақ Семей қаласындағы №11 орта мектепке жаңа ғимарат салу үшін жобалық құжаттар дайындалуда. Екі нысан да апатты деп танылған болатын. Бұл жобалар толық іске асқанда мыңға жуық баланың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.








