Сенаторлар қылмысқа қарсы күрес және зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңдарды қарады
Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында екі заң қаралды: «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
Келісімді ратификациялау трансұлттық қылмысқа қарсы тұру, ақпарат алмасу және бірлескен іс-шараларды өткізу саласында Қазақстан мен Түрікменстанның ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Құжатты іске асыру құзыретті органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға және халықаралық әріптестіктің құқықтық негіздерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заң өз кезегінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жүйесін жетілдіруге, ұжымдық басқарудың цифрлық құралдарын енгізуге, сондай-ақ сыйақыларды бөлу тетіктерінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бастаманы қабылдау креативті индустрияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды, құқық иеленушілердің құқықтарын күшейтеді және зияткерлік меншік саласында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Отырыс қорытындысы бойынша Комитет мүшелері Заңдарды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.