Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Олжас Бектенов «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысын өткізді

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстандағы ағымдағы өзара іс-қимыл және іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту мәселелері жөніндегі «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысы өтті. Жиынға ЕО елдері бизнес-қоғамдастығының өкілдері, дипломатиялық миссиялар және сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қатысты.

Еуропалық Одақ – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Биыл 9 айда Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы $33,1 млрд-ты құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны $4,2 млрд-қа жетті. Елімізде машина жасау, энергетика, агрохимия, фармацевтика, азық-түлік өнеркәсібі сияқты басқа да салаларда еуропалық капиталдың қатысуымен 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында Alstom, Claas, Carlsberg, Polpharma және басқа да бірқатар компания бар.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның еуропалық әріптестермен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында инвестициялық саясатты жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. Біз экономикаға ұзақмерзімді инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Еуропалық бизнесті Қазақстандағы қатысуын кеңейту үшін және өндірісті локализациялау мақсатында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осы жылдың 10 айында Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестиция 13,1%-ға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті.

Қазақстан Үкіметі инвесторлардың мүдделерін қорғауға, бизнеске қолдау көрсетуге кепілдік беретін құқықтық және институционалдық негіздерді жоспарлы түрде нығайтып келеді. Бизнеске арналған әкімшілік талаптарды жеңілдету шаралары аясында есеп беру түрлерінің жартысына жуығы жойылды. EgovBusiness веб-порталы және мобильді қосымша арқылы инвесторларға барлық мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылып отыр. Жалпы, мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн-форматқа ауыстырылған.

Жаңа Салық кодексінде инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік баж салықтарынан босату, заттай гранттар беру және басқа да жеңілдіктер түріндегі икемді преференциялар сақталған.

Бизнеске инфрақұрылым бойынша қолдау арнайы экономикалық, индустриялық, шағын өнеркәсіптік аймақтарда дайын өндіріс алаңдарын ұсыну түрінде көрсетіледі.

Жиында ЕО елшісі Алешка Симкич, Германия елшісі Моника Иверсен, Нидерланд елшісі Нико Схермерс, Франция елшісі Сильван Гиоге, Швеция елшісі Стефан Эрикссон, Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығының төрағасы Ерлан Досымбеков, Glovo Қазақстан (Испания) бас менеджері Лаура Мартин Алькарас ұсыныстары мен ұсынымдарын айтты. Бизнес жүргізу мен дамыту шарттары, болжамды салық саясаты мен заң үстемдігіне қатысты және тағы да басқа мәселелер көтерілді. 

Еуропалық Одақ елшісі Алешка Симкич Қазақстан еуропалық инвесторлар үшін Орталық Азиядағы негізгі бағыт екенін атап өтті. Ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары ретінде энергетика, цифрлық коммуникациялар мен ЖИ, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару сияқты басқа да салалар аталды. 

«Қазақстан WEF жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі сияқты рейтингтердегі өз позициясын жақсарта түсуде. Инвестицияға қатысты бірқатар негізгі көрсеткіш бойынша Қазақстан өңірде көш бастап тұр. Инвесторлар жағдайын одан әрі жақсару болашақта үлкен пайда әкелуі мүмкін», — деді Нидерланды елшісі Нико Схермерс.

Франция елшісі Сильван Гиоге инвесторлар үшін сенімді құқықтық база қалыптастырып отырған мемлекеттік деңгейдегі реформаларға байланысты француз компаниялары Қазақстан нарығына үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Швеция елшісі Стефан Эрикссон Қазақстандағы цифрлық трансформацияның маңыздылығын атап өтіп, швед компанияларының жасанды интеллект технологияларын енгізу саласында тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады. 

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және инвестициялық байланыстарды жандандыруға жан-жақты ықпал етуге дайын екендерін жеткізді. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жиында айтылған мәселелер мен ұсынымдардың барлығын пысықтауды тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив