Cемей-7°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
522.19 606.42 6.47

«SEMEI» телеарнасы 60 жылдық мерейтойын атап өтті

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облыстық «SEMEI» телеарнасы ақпарат айдынына шыққан алпыс жылда халық пен биліктің ортасында алтын көпір бола отырып, елдің ұлттық рухын, таным болмысын оятуға барынша ықпал етіп келеді.

1965 жылдың 1 қыркүйегінде Семей телестудиясының алғашқы ресми хабары эфирге шықты. Бұл республикадағы Алматы, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе телевизиялық студияларынан кейінгі бесінші, одақ бойынша 116 студия еді.

Бүгінде «SEMEI» телеарнасы тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Көрермендерге 30-ға жуық авторлық бағдарлама ұсынылады. Жаңалықтар қызметі күніне бес рет эфирге шығады. Ақпараттық кеңістікте арна жұмысын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Digital SEMEI» шығармашылық бөлімі ашылып, жаңа медианы дамыту ісі басталды.

Телеарна алғаш рет Қытай Халық Республикасынан тікелей ақпарат таратып, халықаралық деңгейде эфирге шықты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы кезінде арна тікелей эфир арқылы және әлеуметтік желілерде жедел ақпарат таратты. Сонымен қатар, биыл көптеген деректі фильм мен «Таза Қазақстан» бағдарламасына байланысты тәрбиелік мәні бар бейнероликтер түсірілді. Телеарнаның  мерейтойы аясында Семей қаласындағы бір көшеге қазақтың «Левитаны» атанған радио жүргізушісі, диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілді.

Өңірдің айнасына айналған телеарнаның 60 жылдығына арналған салтанатты шара Абай атындағы облыстық кітапханада өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, телеарна ұжымын мерейлі мерейтоймен құттықтады.

«Алпыс жыл – тек бір ұжымның ғана емес, тұтас өңірдің тарихына айналған зор белес. Уақыттың сынынан өткен, ұлттың үнін жеткізген рухани арнаның мерекесі! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай» деген сөзі біздің Семей телеарнасының жолына, рухына дөп келеді. Сол алғашқы хабарлардан бастап бүгінге дейін халықтың үмітін, елдің тынысын жеткізді. Ел үшін жаңа дәуірдің бастауы болды. Сол кезден бері Семей телеарнасы – уақыттың куәсі, елдің айнасы, рухтың мінбері болып келеді. Бүгінгі мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сенім сыйлайды! Алпыс жылдық абыройлы тарих ел мен елді, ұрпақ пен ұлтты жалғаған алтын көпір! Семей телеарнасы – Семейдің үні, Абай елінің рухы! Құрметті әріптестер, баршаңызды ұжымның мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді облыс әкімі.

Шара барысында телеарнаның ардагерлері мен қызметкерлеріне мерейтойлық марапаттар табысталды. Телеарна ардагерлері Фатима Бегенбаева, Зинаида Омарова, Мұратқазы Алин және Тілеген Ахметов Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, шеф редактор Гүлнәз Кәукен, оператор Елжан Мағзұмов және редактор Бақытгүл Қазез «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Телеарнаның бірқатар қызметкерлері Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаты және Құрмет грамотасын, облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Аймақ басшысы салтанатты кеште телеарна ұжымына облыс жұртшылығы атынан автокөліктің кілтін табыс етті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив