Астанада Месроп Маштоц атындағы көше ашылды
Астанада философ, ғалым, армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоц атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян, армян диаспорасының өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Астанада Месроп Маштоц атындағы көшенің ашылатыны туралы алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы сәуірде Ереванға жасаған ресми сапары барысында жарияланған еді.
Өз құттықтау сөзінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көшенің ашылуы екі халықтың достық, өзара түсіністік пен мәдени бірлікті нығайтуға деген ұмтылысының жаңа символы екенін атап өтті.
Салтанатты іс-шара барысында сөз сөйлеген Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян армян ғалымының есімін ұлықтау халықтардың өзара құрметі мен достығы, мәдени ынтымақтастығы тарихындағы жаңа белес екенін атап өтті.
Айта кетейік, іс-шара Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның ресми сапары аясында өтті.
Месроп Маштоц – Армения тарихындағы аса маңызды тұлға. Оның ағартушылық қызметі ұлттық жазба мәдениетінің негізін қалап, білім мен әдебиеттің дамуына зор серпін берді. Бұл армян халқының тарихи болмысын сақтауға ықпал еткен шешуші факторлардың бірі болды.







