Астанада Қазақстан-Беларусь саяси консультациялары өтті
ҚР СІМ-де Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Назаруктың қатысуымен Қазақстан-Беларусь саяси консультациялары өтті.
Іс-шара шеңберінде Қазақстан-Беларусь екіжақты ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Делегация басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы аса жоғары және жоғарғы деңгейдегі іс-шараларға дайындық барысын қарастырды.
Сөз сөйлеу барысында Е. Қоныспаев достық, өзара сыйластық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген Қазақстан-Беларусь қатынастарының табысты дамуын атап өтті. Өз кезегінде, И. Назарук Қазақстан-Беларусь қатынастары дамуының оң динамикасын жоғары бағалап, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен өнеркәсіп кооперациясын одан әрі нығайтудың және бірлескен индустриялық жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бейілдікті растай отырып, тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары деңгейінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру ниетін растап, сыртқы саяси ведомстволардың өзара әрекеттесуінің барлық салалары бойынша екіжақты консультацияларды өткізу тәжірибесін жалғастыру үшін негіз болатын 2023-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрлігінің арасында ынтымақтастық жоспарына қол қойды.