Мәжіліс денсаулық сақтау қызметкерлерін зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар денсаулық сақтау қызметкерлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны күшейтуге бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылымда Құрылыс кодексі мен «ҚР банктері және банк қызметі туралы» заңдар ілеспе түзетулерімен қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес депутаттар әзірлеген Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске медицина мамандарына немесе жедел жәрдем жүргізушілеріне қызмет міндетін орындау кезінде күш көрсеткені, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік жүктейтін жаңа бап енгізіледі.
Жұмыс тобының жетекшісі Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері бойынша, соңғы бес жылда 280 шабуыл тіркелгенін хабарлады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мұндай әрекеттер үшін жазаны қатаңдатуды бірнеше рет тапсырғанын еске салды.
– Жобада қандай шешімдер қарастырылады? Қылмыстық кодекске «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейтін жаңа бап енгіземіз. Қазіргі таңда егер орманшыға шабуыл жасалса, қылмыскер арнайы баппен қатаң жазаланады. Ал адамның өмірін арашалап жатқан реаниматолог-дәрігерге шабуыл жасалса, бұл жай ғана бұзақылық сияқты жалпы негізде тергеледі. Бұл әділ ме? Жауапкершілік өте төмен. Бұзақы кішігірім айппұл төлеп, жайбарақат жүре береді. Бұл орайда, бір сұрақ туындайды. Сонда мемлекет үшін дәрігердің өмірі мен пациенттердің денсаулығының маңызы осынша төмен бе? – деді А.Аймағамбетов.
Түзетулер аясында адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы ұсынылады. Егер ауыр әрекет жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі.
Ал адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Сонымен қатар жоба аясында Қылмыстық-процестік кодексте ішкі істер органдарының осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу және анықтау жүргізу құзыреті нақтыланады.
Талқылау барысында депутат Олжас Нұралдинов денсаулық сақтау қызметкерлеріне қарсы агрессияның көбейгенін ескере отырып, оларды қорғаудың өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада кез келген бұзақылық, қорлау немесе төбелеске қатысты жазалар бар екеніне тоқталды.
– Жақындарының өміріне қатер төнген кезде адам эмоционалды күйзеліске ұшырауы мүмкін, бұл заң бойынша жеңілдететін мән-жай болып саналады. Осыған байланысты менің сұрағым бар. Мұндай жағдайлар, әсіресе, нақты мән-жайды анықтау қиын болса, қалай жіктеледі? Бұл дәрігер әрқашан дұрыс және оларға дөрекілік танытқан адам қылмыскер болып саналады дегенді білдіре ме? Онда кінәсіздік презумпциясы туралы не айтуға болады? – деді депутат.
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қылмыстық жауапкершілік тек медицина қызметкеріне кәсіби қызметіне байланысты қасақана шабуыл жасалғаны дәлелденген жағдайда ғана қолданылатынын түсіндірді. Оның айтуынша, істің толық мән-жайы, соның ішінде оқиғаға қатысты адамдардың ниеті, мақсаты және эмоционалды жағдайы ескеріледі, ал кінәсіздік презумпциясы күшінде қалады.
Депутаттар сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің құқын қорғауға қатысты мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықтың көбеюінің кадрлардың ауысуына әсері, қылмыстық жауапкершілікті арттыру қажеттілігі, медицина қызметкерлерін эмоционалды зорлық-зомбылықтан қорғау, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көңіл бөлуді реттеу және басқа да мәселелерге тоқталды. Ұсынылған түзетулердің құқықтық аспектісі депутаттар арасында ерекше пікірталас тудырды. Жұмыс тобы екінші оқылымға дейін осы мәселелердің барлығын қарастырады.
Сонымен қатар Мәжіліс Құрылыс кодексін және оған сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов құжаттардың жаңа ережелерімен таныстырды. Депутат бұл құжаттың қауіпсіз әрі жайлы ортаны қамтамасыз ету, құрылысқа қатысушылардың жауапкершілігін арттыру, қала құрылысы құжаттамасын талқылауға қоғамды тарту және сейсмикалық аймақтардағы құрылыстың ерекшеліктерін ескеру арқылы құрылыс саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.
Депутаттар қала құрылысы саясатын және құрылыс саласын дамытуға бағытталған бірқатар түзету енгізді. Негізгі шараларға бірыңғай саясатты үйлестіру үшін қала құрылысы кеңестерін құру, бас жоспарды жоспарлау мен іске асыруды бақылаудағы мәслихаттардың рөлін күшейту, сондай-ақ қала құрылысы жобаларын қоғамдық талқылауды реттеу кіреді. Депутаттар елдімекендердің бас жоспарларын және аумақтық жоспарлау схемаларын әзірлеу мерзімдерін белгілеп, сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс салуға қойылатын талаптарды күшейтуді және табиғи қауіптер карталарын міндетті пайдалануды ұсынды.
«Толық аяқталған» құрылыс үшін «Техникалық тапсырыс беруші» институты енгізілді. Инженерлік зерттеулерсіз және барлық қала құрылысы мен құрылыс процесін цифрландырусыз жобалау құжаттамасын дайындауға, ақпараттық жүйелерді біріктіруге және ақпараттық модельдеу технологияларын пайдалануға тыйым салынды. Түзетулерде нысандарды жоспарлы тексеру, Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының және өрт қауіпсіздігі органдарының нысанды қабылдауға қатысуы, нысанның кепілдік мерзімін жүк көтергіш құрылымдар үшін он жылға және жалпы нысан үшін бес жылға дейін арттыру және басқалары қарастырылған.
Ілеспе түзетулерге депутаттар әлеуметтік нысандарды, сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңарту үшін апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен құрылыс нысандарын жөндеуге қатысты нормалар енгізді.
Құрылыс кодексін талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар, Үкімет, сарапшылар, урбанистер мен құрылыс компаниялары екі жылға жуық уақыт Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеумен айналысқанын атап өтті. Ол осы заңды әзірлеуге атсалысып, ауқымды жұмысқа үлес қосқан азаматтардың барлығына алғыс білдірді.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң мен оның қаржы нарығын реттеу мен дамытуға қатысты ілеспе түзетулері екінші оқылымда қабылданды. Президент Жолдауларындағы тапсырмаларды орындау мақсатымен әзірленген құжаттар банк жүйесінің тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтынушылардың құқын қорғауды күшейтуге, ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельеваның айтуынша, түзетулердің жеке жиынтығы азаматтарды несие алаяқтығынан қорғауды күшейтуге және қашықтан несие беру рәсімдерінің ашықтығын арттыруға негізделген. Мысалы, бастапқы несие алу кезіндегі биометрия, сондай-ақ банктердің электронды цифрлық қолтаңбаны жасауы мен беруі тек клиенттің жеке қатысуы арқылы жүзеге асады. Жеке тұлғаларға бір сағат ішінде бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан бірнеше несие алуға тыйым салынады.
Жеке тұлғалардың қарыз ауыртпалығын азайту үшін соттан тыс банкроттық рәсімдерді жеделдету, ұжымдық қарызды шешу және қарыз өндіріп алушыларға жеке қарыздарды сатуға қойылған мораторий мерзімін 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту қарастырылған. Сонымен қатар банк шоттарына жылына 1 пайыздан аспайтын лимитпен пайыздарды есептеуге тыйым салу алынып тасталды. Сақтандыру шарттарын электронды түрде бұзу немесе мерзімінен бұрын бұзу құқығы да беріледі. Ал несие мерзімінен бұрын өтелген жағдайда сақтандырушылар сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін бес жұмыс күні ішінде қайтаруға міндетті.
Қаржы заңнамасын реформалау аясында қаржыландыру және инвестициялық құралдардың жаңа санаты ретінде цифрлық қаржы активтері айналымының толыққанды режимі енгізіледі. Лицензияланған криптопровайдерлер арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің (криптовалюталардың) заңды айналымы ұлғаяды.
Заңнамада бірыңғай QR код және банкаралық мобильді төлем жүйесін енгізу де бекітіледі. Бұл банктер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартып, ыңғайлылықты қамтамасыз етеді, азаматтар үшін төлем қызметтерінің қолжетімділігін арттырады.
Сонымен қатар жүйелік маңызы бар банктерге қойылатын талаптар күшейтілді. Депутаттар мұндай банктердің шешім қабылдау рәсімінен өткеннен кейін басқа банктермен тең дәрежеде шығындарды өтеуге қатысуын қамтамасыз етуді ұсынды.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты 23 сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.