Cемей-21°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
514.74 599.36 6.71

«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне апаратын көпір жөнделеді

6-12-2025, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Аягөз ауданындағы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне баратын жолдағы көпірдің қазіргі жағдайымен танысты.

Кесене Тарлаулы ауылдық округі маңында орналасқан. Елдімекенде 1398 адам тұрады. Кесенеге апаратын шағын көпір 2014 жылы салынған болатын. Көпірдің ұзындығы – 10, ені – 8,  биіктігі - 3 метр.

2024 жылдың наурызында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуінен көпірге зақым келген еді. Осыған байланысты биыл Тарлаулы көпірін қоса алғанда аудан аумағындағы 9 көпірге техникалық тексеру жүргізілді. Сараптамалық қорытындыға сәйкес көпірдің жалпы техникалық жай-күйі апатты деп танылған.

Қазіргі таңда көпірді қайта салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау жұмыстары 31 желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Тарихи жерге арнайы ат басын бұрып, келіп отырмыз. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесіне келетін жұрт көп. Сондықтан баратын жол талапқа сай болуы керек. Көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы толық аяқталған соң келер жылы қаржы қарастырып, құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі көпірдің жағдайымен танысқан соң «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесіне барды.

Тарлаулы ауылдық округі маңындағы махаббат мазары – VIII–IX ғасырлардан сақталған республикалық маңызы бар ескерткіш. Биіктігі 12 метр болатын төрт қырлы, табиғи тастан қаланған көне күмбез ерекше тарихи жәдігер ретінде бағаланады. 2002 жылы нысанға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қалпына келтірілген.

Кесене Тарлаулы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. 2014 жылы нысанға баратын 13 шақырымдық асфальт жол мен Аягөз өзенінен өтетін көпір салынып, туристік бағыттың инфрақұрылымы жақсарған. Ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи нысан мәртебесіне ие.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив