Аягөз ауданының Тарлаулы ауылындағы Қызылқия орта мектебі күрделі жөндеуден өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының Тарлаулы ауылындағы К.Қадыржанов атындағы Қызылқия жалпы орта мектебіне барды.
Мектеп 1985 жылы ашылған. Қазіргі таңда 196 оқушы білім алады, 38 мұғалім еңбек етеді. Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Биыл республикалық бюджет есебінен мектеп ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, физика, бастауыш сынып, биология, робототехника және STEM пән кабинеттері жабдықталды.
Жөндеу және жабдықтау жұмыстарынан кейін мектепке үнемдеу есебінен қосымша 4 интерактивті тақта, 48 парта, 98 орындық, 10 шкаф, 10 мұғалім үстелі, кітапханаға сөрелер, мәжіліс залы мен мұғалімдер бөлмесіне орындықтар сатып алынып, мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.
Аймақ басшысы жаңартылған кабинет жиһаздарын, мәжіліс залын, оқу бөлмелерінің жарықтандырылуын көріп, мектептің материалдық-техникалық базасының едәуір жақсарғанын атап өтті.









