Сенатта құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін күшейту жөніндегі түзетулер таныстырылды
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттарына «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң, сондай-ақ оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңдар таныстырылды.
Құжаттар құқық бұзушылықтардың ерте алдын алу жөніндегі кешенді бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, мекемеаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңдар мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қызметтердің, қамқоршылық институттары мен жастар саясаты және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілеттіктерін нақты ажырата отырып, алдын алу субъектілерінің ауқымын кеңейтеді.
Жалпы, жеке және арнайы алдын алу жөніндегі үш деңгейлі жүйе енгізілетін болды. Ресми ескертулер, өмірі қиын жағдайда қалған отбасыларды цифрлық есепке алу, кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу және жәбірленушілерді қорғау үшін жақындауға тыйым салумен қоса жеке әсер етудің жаңа құралдары көзделген. Құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды әлеуметтік оңалтуға ерекше назар аударылды. Жеке тараулар тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалардың қараусыз қалдыру, мас күйдегі құқық бұзушылықтар, рецидивтік қылмыстың алдын алу, сондай-ақ балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған. Отбасын қолдау орталықтарының рөлі күшейтіліп, кәмелетке толмағандар үшін қауіптерді ерте анықтаудың мекемеаралық тетігі енгізіледі.
Ілеспе түзетулер сонымен қатар өтініш беру тәртібін, сот орындаушыларының қызметін, балалардың құқықтарын қорғау, электр скутерлерін пайдалануды реттеу және бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарды кеңейтуді қамтиды. Сенаторлар заңнамадағы жаңалықтар алдын алудың заманауи және жүйелі үлгісін жасауға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.