Қазақстан – Қытай ынтымақтастығы жаңа белеске көтерілуде
Бүгін ҚХР-дың Тарбағатай аймағына қарасты Тачен қаласында басталған «Бақты – 2025» халықаралық форумы екі ел арасындағы өзара сенімді, стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдететін маңызды алаңға айналды. Бұл форум Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығарып, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды күшейтетін ортақ мүдделер платформасы екенін көрсетті.
Абай облысының арнайы делегациясының қатысуы – аймақтың халықаралық экономикалық үдерістерге белсенді араласуының айқын дәлелі. Делегацияның ауыл шаруашылығын цифрландыру, туризмді дамыту, көлік-логистика әлеуетін арттыру сияқты бағыттарда қытайлық тараппен келіссөздер жүргізуі – өңір экономикасына серпін беретін нақты қадамдар.
«Бақты – Тачен» шекара маңы ынтымақтастық орталығын дамыту жөніндегі пікір алмасу да екіжақты интеграцияның тереңдеп келе жатқанын көрсетеді. Мұндай орталықтар тек сауда айналымын арттырып қана қоймай, шекаралық аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсер етеді.
Қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің бірқатар меморандумдарға қол қоюы жоспарланып отырғаны – инвестициялық ахуалдың жақсарғанының белгісі. Соңғы уақытта Абай облысына тартылған инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуі де осы үрдісті қуаттайды. 97 жоба, 3,2 трлн теңгенің инвестициясы, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны – өңірдің экономикалық белсенділігінің нақты көрсеткіші.
Биыл мамыр айында өткен «Үлкен Алтай» форумында 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылуы да Қытаймен стратегиялық серіктестіктің жүйелі және нәтижелі жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.
Жалпы, қазіргі геоэкономикалық жағдайда Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен әріптестік байланыстар одан әрі нығайып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келеді. «Бақты – 2025» форумы – осы ынтымақтастықтың жемісті жалғасы және өңірлік даму үшін маңызды кезең.




