Абай облысының делегациясы «Ертіс: достық өзені – даму өзені» халықаралық форумына қатысты
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли бастаған Абай облысының делегациясы Ресей Федерациясының Омбы қаласында өтіп жатқан «Ертіс: достық өзені – даму өзені» VII халықаралық туристік-көліктік форумына қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – «Ресей – Қазақстан – Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылау және бұл бағытта Ертіс өзенін тиімді пайдалану.
Форумға Ресей, Қазақстан және Қытай елдерінің жетекші сарапшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлік қауымдастық, кеме қатынасы және көлік логистикасы саласының мамандары, ғалымдар, Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімі мен орынбасарлары қатысты.
Биыл шілде айында Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко бастаған делегация Абай облысына арнайы келген болатын. Келіссөздер нәтижесінде Абай облысы әкімдігі мен Омбы облысы Үкіметі арасында Ертіс өзенін дамыту және бірлесіп пайдалану жөніндегі хаттамаға, сондай-ақ, 2025–2028 жылдарға арналған халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жоспарына қол қойылды. Құжат отыз бағытты қамтиды. Оның ішінде туризм саласындағы бірлескен жобалар бар.
Омбыдағы форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай облысының осы келісімдерді іске асыруға дайын екенін атап өтіп, өңірдің өндірістік, туристік әлеуетін жан жақты таныстырды. Қонақжайлық танытып, жылы қабылдағаны үшін Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкоға алғыс білдірді.
Форум соңында облыс әкімі Берік Уәли мен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко мәдениет саласындағы келісімге қол қойды.
Абай облысының сыртқы экономикалық байланыстары жыл сайын кеңеюде. Биылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыстың Ресей Федерациясымен тауар айналымы 823,4 млн АҚШ долларын құрады. Бұл –өткен жылдың сәйкес кезеңінен екі есе жоғары. Өңірде ресейлік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін 178 кәсіпорын бар. Олар экономиканың дамуына елеулі үлес қосып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашып отыр.
Форум алдында облыс делегациясы Ертіс өзені тақырыбындағы фотокөрмені, Омбы облысының ұйымдарының иммерсивті шоуын, Омбы дизайнерлерінің көрсетілімін және Омбы облысының туристік көрмесін тамашалады.










