Cемей-7°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
522.38 612.6 6.54

Абай облысының делегациясы Омбыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші мен Кемел Тоқаевтың мемориалдық тақтасына барды

12-12-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының делегацияларымен және Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкомен бірге Омбы қаласының орталығында орналасқан қазақтың даңқты ұлы, зерттеуші, шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды.

Бұл ескерткіш 2004 жылы ашылған және Омбыдағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ғимараты жанында орналасқан. 2025 жылы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойы қарсаңында монументтің тұғыры мен айналасына абаттандыру және жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Ескерткіштің дәл осы қалада бой көтеруі тегін емес. Шоқан Уәлихановтың білім алып, ғылым жолына бет бұрған кезеңі Омбы қаласымен тығыз байланысты. Омбы кадет корпусында оқып, кейін Сібір өңірінде әскери қызмет атқара жүріп алғашқы этнографиялық және тарихи зерттеулерін жүргізді.

Облыс делегациясы сондай-ақ Омбы қаласындағы соғыс ардагерлері госпиталінің ғимаратындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, журналист, соғыс ардагері Кемел Тоқаевқа арналған мемориалдық тақтаға барып, гүл шоқтарын қойды. 

Бұл мемориалдық тақта 2020 жылдың 19 қыркүйегінде ашылған. Туынды авторы – Омбы қаласының тумасы, Ресей суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан суретшілер академиясының академигі,  белгілі мүсінші Мейрам Баймұханов. Мемориалдық тақтаны орнатуға Шоқан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығы және Омбы қалалық ардагерлер ұйымы ұйытқы болған.

Тақта орнатылған ғимарат – соғыс ардагерлері госпиталі. Дәл осы жерде 1945 жылы ауыр жараланған Кемел Тоқаев емделіп, өмірін сақтап қалған күрделі операциядан өткен. Сталинградтан Польшаға дейінгі қанды шайқастарды өткерген майдангер, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен наградталған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив