Омбыдағы қазақ диаспорасымен кездесу өтті
Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығында қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесті. Кездесуге Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының делегациялары, Омбы облысындағы қазақ қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Еркін форматта өткен жүздесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, қазақ диаспорасының бастамаларын қолдау және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында облыс әкімі құрмет белгісі ретінде «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы Тұрғын Ашеноваға Абайдың картинасын және Омбы облысының басшылығына Абайдың 5 тілдегі кітабын тарту етті.
Сонымен қатар өңір делегациясы «21-мектеп» кампус ғимаратына барып, білім беру мекемесінің жұмысымен танысты. Білім ордасы 2025 жылы ашылған. Мекеме тәулік бойы жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда 1200 адамды оқыту жоспарланған. Қазірге дейін екі іріктеу интенсиві өткізіліп, 600 қатысушының ішінен 221 адам негізгі бағдарламаға қабылданды. Қазіргі таңда «21-мектеп» Ресейдің 16 қаласында жұмыс істейді. Мұнда 300-ге жуық оқытушылар мен техникалық персонал еңбек етеді. Кампус қазіргі халықаралық стандарттарға сай инновациялық IT-білім береді. Мектепте студенттер лекцияларсыз, практикалық тапсырмалар мен жобалар арқылы компьютерлік ғылымдар мен бағдарламалау дағдыларын меңгереді.
Осы жерде Омбы облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, газ өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.








