Өмірбек Бекбаев Абай облысында үздік ауыл әкімі атанды
Жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері Агенттігімен «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсына іріктеу жүргізілуде.
Конкурстың өңірлік деңгейдегі кезеңіне 5 үміткер: Үржар ауданы Қабанбай ауылдық округінің, Абай ауданы Қарауыл ауылдық округінің, Жарма ауданы Жарма кентінің, Семей қ. Жиенәлі ауылдық округінің және Ақсуат ауданы Кіндікті ауылдық округінің әкімдері қатысты.
Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде өңірлік деңгейдегі комиссия үміткерлермен әңгімелесу өткізді және ұсынған жобаларын көрді.
Әңгімелесу барысында комиссия үміткерлердің сауалнамалық деректерін, жобалық жұмысының креативтілігін, жергілікті қоғамдастықтың бағасын, әлеуметтік – экономикалық көрсеткіштерін ескере отырып, Абай ауданы, Қарауыл ауылдық округінің әкімі Бекбаев Өмірбек Жанарбекұлы өңірлік деңгейдегі үздік ауыл әкімі болып анықталды.
Конкурсқа қатысқан үміткерлердің ішінен топ жарып, өңірлік деңгейдегі үздік ауыл әкімі болған Өмірбек Жанарбекұлы ағымдағы жылдың маусым айында өткізілетін Республикалық деңгейдегі конкурсқа жолдама алды.
Абай облысының намысын қорғауға баратын Өмірбек Жанарбекұлына Республикалық конкурста сәттілік тілейміз.