Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында спорт модулі ашылды
Қарабұлақ ауылында бүгінде 1569 тұрғын тұрады. Елді мекендегі 230 оқушы спортпен шұғылданады. Жаңа спорт модулінде ауыл жастарының дене шынықтырумен жүйелі айналысуына барлық жағдай жасалған.
Ауылда 42 адам қазақ күресімен айналысады, бір жаттықтырушы жұмыс еңбек етеді. 26 адам аударыспақпен шұғылданады. Сонымен қатар шағын футбол алаңы, күрес мектебінің филиалы жұмыс істейді. Күрес мектебінде жаттығып жүрген балалардың нәтижелері жоғары. Дзюдодан аудандық және облыстық жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылардың саны артып келеді. Ауылдың волейбол және футбол командалары аудан көлемінде жүлделі орындардан көрініп жүр. Ат спорты бойынша Қарабұлақ командасы аудан намысын абыроймен қорғап келеді. Ауыл спортшылары жеңіл атлетика, қол күрестіру және гір көтеру спорт түрлерінен де аудан чемпиондары атанған.
Облыс әкімі Берік Уәли Қарабұлақ ауылындағы спорт модулінің ашылу салтанатына қатысты.
Бір қабатты ғимаратта көлемі 800 шаршы метрді құрайтын кең ойын залы орналасқан. Нысан бір мезгілде 120 адамды қабылдай алады. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші тоқсанында басталып, төртінші тоқсанында аяқталды.
Нысанның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы спорт ғимаратының ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ауыл тұрғындары жаңа ғимараттың ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.
Биыл «Мақаншы аудандық жасөспірімдер спорт мектебі» ашылып, спорттың тоғыз түрінен спорт секциялар жұмысын жүргізіп жатыр. Спорт мектебінде 6-17 жас аралығында 1196 спортшы шынығуда. Соңғы 3 жылда облыста 11 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тағы 6 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр.










