Шаған кентінде орталық су құбыры іске қосылды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Шаған кентіндегі жаңа су құбырының ашылу рәсіміне қатысты.
Шаған кенті облыс орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Елді мекенде 569 адам тұрады.
Су құбыры желілерінің құрылысы жобасы былтыр басталып, биыл толық аяқталды. Жоба аясында 1 және 2 көтергіш сорғы станциялары, КТПН қондырғысы, су тазарту жүйесі, таза суға арналған резервуарлар салынды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды.
Аталған жоба нәтижесінде Шаған кенті тұрғындары сапалы әрі таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жаңа су құбыры елді мекеннің өрт қауіпсіздігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Бұған дейін елді мекенде орталықтандырылған су құбыры мүлде болмаған. Ауыл тұрғындары суды ұңғымалар мен колонкалар арқылы тасып келген.
Аймақ басшысы жаңа нысанның іске қосылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Ауыл тұрғындары су құбырының пайдалануға берілгеніне ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, биыл Жаңасемей ауданының Алғабас және Приречное ауылдарына ауыз су берілді.










