Облыс әкімі Көкпекті ауданының жаңа әкімін таныстырды
«Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңына сәйкес 2025 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Нұрбек Тұрсынқанұлы Қошқарбаев Көкпекті ауданының әкімі болып сайланды.
21 желтоқсанда Көкпекті ауданында өткен аудан әкімін тікелей сайлау қорытындысында Нұрбек Қошқарбаев 70,8 дауыс жинап, жеңіске жетті.
Облыс әкімі Берік Уәли бүгін оны аудан активіне таныстырды.
Биылдан бастап «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңына сәйкес облыстық маңызы бар қала, аудан әкімдерін халық өзі, тікелей дауыс беру арқылы сайлай алады. 2023 жылы пилоттық режимде өңірімізде Курчатов қаласы мен Абай ауданының әкімі, биыл 27 шілдеде облысымызда алғашқылардың бірі болып Жаңасемей ауданының әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланған болатын. 12 қазанда Семей қаласының әкімі сайланды. Бұл – еліміздің тарихында алғаш рет өткен облыс орталығы әкімінің сайлауы.
Жиын барысында Көкпекті ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерасыл Оразханов Нұрбек Тұрсынқанұлы Қошқарбаевқа әкім куәлігін тапсырды.
Нұрбек Тұрсынқанұлы Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Семей қаласындағы №33 орта мектептің бастауыш сыныптарындағы орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Семей қаласының білім бөлімінде, Семей қаласы әкімінің аппаратында бас маман, бас инспектор, бөлім басшысы, Курчатов қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2024 жылдың 23 желтоқсанынан бастап осы уақытқа дейін Абай облысы Бесқарағай ауданының әкімі болып қызмет атқарды.










