Көкпекті және Бесқарағай аудандарында өрт сөндіру бекеттері ашылды
Көкпекті ауданының Көкжайық және Тассай ауылдарында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру бекеттері пайдалануға берілді.
Көкжайық ауылдық округінде ашылған өрт сөндіру бекеті 460 тұрғын үй мен 1 455 тұрғыны бар Көкжайық, Қарамойыл, Ақой және Қарағандыкөл елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тассай ауылдық округіндегі өрт сөндіру бекеті Тассай, Қайнар, Ақсу және Үшкөмей елді мекендеріне қызмет көрсетіп, 319 тұрғын үй мен 1 088 тұрғынды қамтитын болады.
Бесқарағай ауданы аумағының 400 мың гектарға жуық жерін ну орман алып жатыр. Осыған байланысты орман және дала өрттерінің алдын алу – өңір үшін аса маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта соңғы үш күн ішінде Бесқарағай ауданының Бөдене, Ерназар және Қарабас ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылып, пайдалануға берілді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Қарабас ауылында өткен салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Ділдар Қалиқанұлы қатысып, тұрғындар мен орман алқаптарының қауіпсіздігін сақтау аудан басшылығының басты міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Бесқарағай ауданы аумағында Семей орманы резерватының 6 бірдей филиалы орналасқанын, орман қызметкерлері мен жергілікті өрт сөндіру бекеттерінің өзара үйлесімді жұмысы өрттің алдын алуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Жаңа өрт сөндіру пункттері тәулік бойы жұмыс істеуге толық мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда демалыс бөлмесі, ас үй аймағы, санитарлық торап және жуынатын бөлме қарастырылған. Бекеттер тұрмыстық, дала және орман өрттері кезінде жедел әрекет етуге бағытталған.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 2026 жылы ауданның тағы бірқатар елді мекендерінде осындай өрт сөндіру бекеттерін салу жоспарланып отыр. Бұл бастама ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға үлес қоспақ.







