Көкпекті ауданында су тасқынына дайындық: атқарылған жұмыстар
Көкпекті ауданында бекітілген су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес инженерлік инфрақұрылымды нығайту және елді мекендерді көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда.
Биғаш ауылында Кіндікті және Көкпектінка өзендерінің арналары тазартылып, жұмыстар толық аяқталды. Сондай-ақ Көкпекті ауылындағы Көкпектінка өзенінің арнасын тазалау жұмыстары да толығымен жүргізілді. Бұл қар еріген кезеңде судың еркін өтуіне мүмкіндік беріп, су басу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Көкпекті ауылында Қабанбай батыр көшесінде қосымша су өткізгіш құбыр орнату жұмыстары басқа мерзімге шегерілді, ал Төлеубаев көшесінде жұмыстар толық аяқталды. Жергілікті маңызы бар Көкпекті – Ұзынбұлақ автожолының 8-шақырымында жол төсемінің шайылуын болдырмау мақсатында су өткізгіш құбырлар орнатылды. Көкпекті – Көкжайық автожолындағы «Ақтоған» учаскесінде алдағы асфальттау жұмыстарына байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды, асфальт төселгеннен кейін құбыр орнату жұмыстары жалғасын табады.
Ажа ауылында үш су өткізгіш құбыр орнатылып, бұл кірме жолды шайылудан қорғап, еріген қар суларын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Нұра, Черноярка, Үкенбөкен ауылдарына кіреберістерде, сондай-ақ Жансары және Ақтас елді мекендерінің ішінде қосымша су өткізгіш құбырлар орнатылды.
Үлгілімалшы ауылының шетінде еріген суларды бұруға арналған қорғаныш бөгетін салу жұмыстары жалғасуда, қазіргі таңда жұмыстар толық аяқталған жоқ. Ал Көкпекті – Биғаш автожолының 20-шақырымында су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстары толығымен аяқталды. Сондай-ақ Биғаш – Егінбұлақ автожолының 35-шақырымында жылға өтетін жерде тюбингтер орнату жұмыстары аяқталды. Көкпекті – Биғаш автожолының 10-шақырымындағы тюбингтерді ауыстыру жұмыстары әлі тәмамдалмаған және жоспарға сәйкес жалғастырылады.
Аталған іс-шаралардың барлығы Көкпекті аудандық әкімдігінің тұрақты бақылауында, жұмыстардың мерзімі, сапасы мен орындалу барысы қадағаланып, көктемгі су тасқыны кезеңіне инфрақұрылымның толық дайын болуы қамтамасыз етілуде.