Семейде үздік сарбаздар марапатталды
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 30217 әскери бөлімінде үздік сарбаздарды марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылған бұл іс-шара барысында арнайы дайындық кезеңінде қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар сарбаздар марапатталды.
Іс-шара аясында өздерінің кәсіби даярлығы мен тәртібі арқылы ерекшеленген сарбаздарға «Үздік сарбаз» төсбелгісі табысталды. Бұл марапат - олардың әскери қызметтегі табандылығы мен жауапкершілігінің айқын дәлелі.
Салтанатты шараға үздік деп танылған сарбаздардың ата-аналары арнайы шақырылып, әскери бөлім командирі атынан алғыс хаттармен марапатталды. Бұл - жас сарбаздардың тәрбиесі мен ел алдындағы борышын абыроймен атқаруына үлес қосқан ата-аналар еңбегіне көрсетілген құрмет.
Әскери бөлім командирі, подполковник Еркін Жоламанов үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарды ынталандыру мақсатында оларды сейілдемеге жіберді. Командир өз сөзінде әскери тәртіп пен Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты шараны Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери оркестрі әсем әуенмен сүйемелдеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара соңында ата-аналар әскери бөлім басшылығына алғыстарын білдіріп, ұлдарының қауіпсіз әрі тәртіпті ортада қызмет етіп жатқанына ризашылықтарын жеткізді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі




