Cемей-23°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
509.75 594.67 6.46

2025 жылы 570 мың қазақстандық Skills Enbek платформасында білім алды

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

2025 жылы Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында 570 мың азамат, оның ішінде 53,5 мың жұмыссыз онлайн-курстарды сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды. Платформада барлығы 1,5 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген, олардың 925,7 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Ал Skills Enbek іске қосылғаннан бері жалпы шамамен 1,2 млн адам білім алды.

Оқытылған 56,6 мың жұмыссыз азаматтың шамамен 16,9 мыңы – 16-35 жас аралығындағы жастар. Олар негізінен Түркістан (3,5 мың адам), Қостанай (2,8 мың), Қызылорда (2,5 мың) облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласынан (2,3 мың) және Алматы облысынан (2,2 мың) шыққан.

Сонымен қатар 2025 жылы Skills Enbek платформасында сертификат алған жұмыссыздардың 56%-дан астамын әйелдер құрайды (32 мың адам). Әйелдердің ең жоғары үлесі Түркістан (3,5 мың), Қостанай (2,8 мың), Қызылорда (2,6 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласы мен Қарағанды облысында (әрқайсысында 2,3 мың адам) тіркелген.

2025 жылы білім алғандардың шамамен 26 мыңы – ауылдық жер тұрғындары. Олардың басым бөлігі Түркістан (3,2 мың), Қызылорда (2,9 мың) және Алматы (2,6 мың) облыстарынан.

Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар түрлі бағыттар бойынша 1 000-нан астам курс жариялады, олардың 382-сі – тегін. Сондай-ақ Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары ұсынылып, білім алушыларға осы білім беру алаңдарында оқуды жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Курстардың ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейін.

2025 жылы ең танымал курстар қатарында: «IT және телекоммуникациялар», «Аспаз-кондитер», «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын» қалай пайдалануға болады» қалай пайдалануға болады», «Персоналды басқару», «Пішу және тігу» болды.

Skills Enbek платформасында әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да бағыттар бойынша тегін курстардың саны тұрақты түрде артып келеді.

Бұған дейін хабарланғандай, платформа ел халқының білім деңгейі мен кәсіби біліктілігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол қызметтер нарығының маркетплейс қағидаты бойынша онлайн-курстарға қолжетімділік ұсынатын халықаралық білім беру платформаларының үлгісімен құрылған.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасындағы «Онлайн оқыту» бөлімі (бұдан әрі – Enbek.kz) арқылы қол жеткізуге болады.

Skills Enbek платформасында білім алушы оқу қарқынын, тілін, материалды ұсыну тәсілін өз бетінше таңдай алады және оқу барысындағы ілгерілеуін қадағалайды.

Білім алушылар үшін артықшылықтар: курстарды кеңейтілген іздеу мүмкіндігі, сабақтардың түсінікті құрылымы, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жедел байланыс. Пайдаланушылар үшін қызықты сұрақтарға жылдам жауап беретін жасанды интеллектке негізделген чат-бот қолжетімді.

Оқуды аяқтау үшін білім алушы 70% шекті деңгейден төмен емес нәтижемен тестілеуден өтуі тиіс. Курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыны меңгергені туралы сертификат беріледі. Оқуды аяқтаудың міндетті шарты – курсқа баға беру. Сертификатты жүктеу кезінде алынған дағдыларға сәйкес бос жұмыс орындарына Enbek.kz сайтына өту мүмкіндігі бар ұсыныстар қоса беріледі.

Алынған сертификат Enbek.kz порталында тіркелу кезінде жасалған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу барысында әлеуетті жұмыс берушілер платформада сәтті аяқталған курстар бойынша алынған сертификаттарды көре алады.

Skills Enbek платформасына онлайн-курстарды орналастыру авторлар мен әзірлеушілер үшін тегін. Курстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсыныла алады және ақпаратты ұсынудың әртүрлі форматтарын қамтуы тиіс: мәтін, презентациялар, бейне және аудиоматериалдар, инфографика және басқа да түрлер. Платформа ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін қарастырады.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында платформада мектеп түлектері мен ТжКБ студенттеріне арналған келесі курстар орналастырылды:

«Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын» қалай пайдалануға болады» және «Твой карьерный старт: как использовать «Электронную биржу труда»». Аталған курстар мамандықтар әлеміндегі практикалық жолсілтеме ретінде қызмет етеді: болашақ мамандықты таңдауға, жұмыс іздеу мен өзін таныстыру дағдыларын меңгеруге, сондай-ақ электрондық еңбек биржасының құралдарын тиімді пайдалануға көмектеседі. Ерекше назар мансап жолын бастауда жиі кездесетін қателіктерден қалай аулақ болуға бөлінген.

Бүгінгі күні бұл курстардан 529 мың мектеп оқушысы мен студент өткен, бұл жобаның жоғары сұранысқа ие екенін және маңыздылығын дәлелдейді.

Курс авторлары үшін сабақтарды құрастыруға арналған ыңғайлы конструктор, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін көру мүмкіндігі, сертификаттардың әртүрлі дизайны, сондай-ақ оқыту құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор қолжетімді.

Еске салайық, 2023 жылғы желтоқсаннан бастап курстардан Enbek мобильді қосымшасы арқылы да өтуге болады. Қосымшаны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады.

Skills Enbek платформасында тіркелу және жұмыс істеу мәселелері бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлеріне 8 (7172) 95 43 17 телефоны арқылы (ішкі нөмірлер: 405, 441, 363) хабарласуға болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив