Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.02 597.27 6.59

Көкпекті өнерпаздары биік деңгейде танылды

4-06-2025, 14:37 018.kz

Көкпекті ауылында Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің үлкен залында мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары концерт өтті. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай елі – өнер кеніші» атты қалалар мен аудандар арасындағы облыстық көркемөнерпаздар байқауы аясында ұйымдастырылған бұл рухани кеш көкпектілік өнерпаздардың әлеуетін айқын көрсеткен тағылымды шара болды. Концертке жиналған көрермен залды лық толтырып, сахна төріндегі әрбір нөмірді ыстық ықыласпен қабылдады.

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанжігіт Абзалбекұлы Омарханның бастамасымен қолға алынған бұл жоба облыс көлеміндегі барлық қалалар мен аудандарды қамтып, өнердің шынайы бәсекесіне жол ашып отыр. Байқаудың басты мақсаты – Абай мұрасын кеңінен насихаттау, өңірлердегі халық шығармашылығын дамыту, мәдениет ошақтарының кәсіби деңгейін арттыру және талантты өнерпаздарды анықтау.

Нұрлан Болатбекұлы Тоянкенов басқаратын Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің ұжымы бұл байқауға тыңғылықты дайындықпен келгені концерт басталған сәттен-ақ анық аңғарылды. Сахна шымылдығы ашылған бетте көрермен назарына Толғанай Айдынова жетекшілік ететін «Толағай сазы» фольклорлық ансамблі ұсынылды. Ансамбль орындаған Құрманғазының «Адай» күйі ұлттық рухты асқақтатып, қазылар алқасы мен көрерменнің ерекше қошеметіне ие болды.

Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталатыны белгілі. Осы ой концерттің өн бойына арқау болды. «Толағай сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен Үлкенбөкен ауылынан шыққан, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3-курс студенті Манарбеков Дулат Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін жүрекпен жеткізіп орындап, көрерменді терең ойға жетеледі. Одан кейін сахнаға шыққан айтыскер ақын, облыстық, республикалық және халықаралық жыр додаларының жүлдегері Фархат Маратұлы Абайдың 180 жылдығына арналған арнау өлеңін оқып, поэзия мен руханияттың үйлесімін көрсетті.

Кеш жүргізушілері Алижан Артықбаев пен Аяулым Батталова тарихи тереңдігі мол, табиғаты көркем, өнерлі ұрпаққа бай Көкпекті өңірінің ерекшелігін айшықтай отырып, концерттің мазмұнын әсерлі жеткізді. Сахнада бірінен соң бірі ұсынылған нөмірлер жанрлық әртүрлілігімен және көркемдік тұтастығымен ерекшеленді. Оспанова Нарқыздың жетекшілігіндегі республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері «Балауса» орта би тобы «Шашу» қазақ биін орындап, ұлттық дәстүр мен заманауи хореографияның үйлесімін көрсетті. Одан кейін көкпектілік өнер майталманы Жанабай Хасеновтің орындауындағы «Ауылым – әнім» әні туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті сездірді.

Үш қыздан құралған «Жұлдыз» тобы Ринат Заитовтың сөзіне жазылған «Қазақ елі» әнін орындап, сахнаның шырайын кіргізсе, күй тілімен елдің мұңы мен қуанышын жеткізген облыстық және республикалық өнер байқауларының жүлдегерлері «Кәусар» жетігеншілер ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін асқан шеберлікпен орындады. Ансамбльге Оқушылар шығармашылық сарайының педагогы Сейітқазы Мәншүк жетекшілік етеді. Концерт барысында Райхан Ақтілеудің орындауындағы ерекше жанрдағы «Фокус» нөмірі көрерменді таңғалдырса, «Жастар» вокалды-инструменталдық ансамблінің сүйемелдеуімен Динара Кизатованың орындауындағы «Sanny» әні кешке серпін берді.

Ауданның жас жазба ақыны Мұратбекова Аяулымның Абайға арнаған өлеңін тыңдаған жұрт рухани ләззатқа бөленді. «Жігер» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Аманат» шығармасы бабалар мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізсе, көптеген облыстық және республикалық конкурс-фестивальдердің жүлдегері Есполова Айдана Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» өлеңін әнге салып орындап, ерекше әсер қалдырды. «Балауса» би тобының «Пульс пляса» биі заманауи ырғақпен көрерменді қуантты. Дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген көкпектілік өнерпаз Оқан Қалима «Гүлдерайым» халық әнін орындап, ұлттық нақышты тереңдете түсті.

Вокалдық трио «Тополя» әнін акапелла түрінде орындап, кәсіби шеберлігін танытты. «Дала дидары» облыстық фестивалінде «Ең үздік концерттік нөмір» номинациясын жеңіп алған «Інжу-маржан» әжелер ансамблі «Жанай керім» халық әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Серік Рсымбетовтің «Это всё» әні мен Есполовтар әулетінің Данияр мен Айданадан құралған отбасылық дуэтінің Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындауы да өзіндік ерекшелігімен қазылар алқасының назарын аударды. Вокалды-инструменталдық топтың орындауындағы «Домбыра» әні залдағы көрерменді бір серпілтіп, ұлттық рухты көтерді.

Бұлбұл үнді әнші Димисинова Мейрамгүл кезінде қазақтың бұлбұл әншісі атанған Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы «Бұлбұл» әнін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Манарбеков Дулаттың орындауындағы «Adaqio» әні де вокалдық мүмкіндіктің жоғары деңгейін көрсетті. Концерттің қорытынды бөлімінде сөзі жергілікті ақын Елеусіз Асылхановқа, әні сазгер Нұрлан Қайратұлына тиесілі «Көкпектім» әні автордың өзі мен вокалдық трионың орындауында шырқалып, кештің әсерлі нүктесіне айналды.

Концерт соңында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанжігіт Абзалбекұлы Омархан сөз сөйлеп, көкпектілік өнерпаздардың өнеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша, бұл концерттен іріктелген таңдаулы нөмірлер алдағы уақытта облыс орталығында сахналанып, кең көрерменге ұсынылатын болады. Мазмұны мен көркемдік деңгейі жоғары бұл кеш Көкпекті өңірінің мәдени әлеуетінің зор екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив