Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.02 597.27 6.59

Ел бірлігі асқақтап, ұлттық мұра дәріптелген күн

13-07-2025, 17:04 018.kz

Алты Алаштың назарын қасиетті Көкпекті жеріне аударған «Көркейген өлке – Көкпекті» мәдениет және спорт фестивалі ел жадында ұзақ сақталатын, мәні мен маңызы терең, мазмұны бай айтулы оқиғаға айналды. Ұлттық рухты ұлықтаған, өнер мен спортты тоғыстырған бұл дүбірлі думан елдің бірлігін бекемдеп, салт-дәстүріміздің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фестиваль аясында жоспарланған ең негізгі бес ірі іс-шара – «Толағай тұлпары» 80 шақырымдық ұлы аламан бәйге, 30 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық топ бәйге, тай жарысы және командалық көкпар сайысы – жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көкпекті ауданы әкімдігі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мақсатында құрылған «Көкпекті» ауыл шаруашылық қорының бірлескен, жүйелі еңбегінің арқасында өткен фестивальге ұзын саны 10 мыңға жуық адам жиналып, Көкпекті нағыз халықтық мерекенің орталығына айналды.

Елдің еңсесін көтерген айтулы шара

Фестивальдің мән-маңызын Көкпекті ауданының әкімі Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев өз сөзінде айрықша атап өтті.

— Қасиетті Көкпекті жерінде елдік пен руханияттың, өнер мен спорттың мерекесіне айналған «Көркейген өлке – Көкпекті» фестивалі – баршамызға серпін беретін үлкен шара. Бұл фестиваль Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Бұл – ұлы ойшылдың рухына тағзым ғана емес, ел бірлігін бекемдеп, ұлттық рухты көтеретін тағылымды басқосу, – деді аудан басшысы.

Ауқымды іс-шараның бастамашысы әрі бас демеушісі – ел игілігі жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «Көкпекті» ауыл шаруашылық қоры. Ауыл шаруашылық құрылымдарының басшылары, елжанды кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың туған жерге деген жанашырлығы фестивальдің мазмұнын арттырып, береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Бұл – ел мен жерге деген адалдықтың, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Ат – қазақ рухының айнасы

Фестиваль аясында қазақтың қанына сіңген ұлттық ат спорты түрлері кеңінен дәріптелді. Соның ішінде 80 шақырымдық «Толағай тұлпары» ұлы аламан бәйгесі көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды. Ер жүрек елдің рухын көтеретін бұл дүбірлі дода биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Ұлы аламан бәйгенің бас жүлдесіне «Changan X5» автокөлігін көршілес Ақсуат ауданының атынан Тастекеевтер әулеті тікті. Дүбірлі жарыста Көкпекті ауданының «Көксала» атты тұлпары дара шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға автокөліктің кілтін Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров арнайы келіп табыстады. Бұл сәт Ақсуат пен Көкпекті елінің арасындағы ағайындық пен сыйластықтың жарқын белгісіне айналды.

Аламан бәйгенің екінші орнын (2 миллион теңге жүлде) Маңғыстау облысынан келген, Тұқымбай Нұрсағым баптаған тұлпар иеленді. Шабандозы – Құмаров Нұрсұлтан. Ал үшінші орынға тігілген 1 миллион теңгелік жүлде Шығыс Қазақстан облысы, Үлкеннарын ауданынан келген тұлпарға бұйырды. Оның бапкері әрі шабандозы – Амангелді Айдар.

Аламан мен топ бәйгелер – төзімділік пен намыстың сындары

30 шақырымдық аламан бәйгеде бес орынға жүлде тағайындалды. Бас жүлде – «Көкпекті» ауыл шаруашылық қоры тіккен «Chevrolet Monza» автокөлігі. Бұл жарыста Қарағанды облысынан келген «Бақторы» атты тұлпар қалың топтан оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Иесі – Мақсатұлы Жандос, бапкері – Ерболат, шабандозы – Бағжан.

Ал 15 шақырымдық топ бәйгеде де бес жүлделі орын сарапқа салынды. Бас жүлдеге қойылған «Chevrolet Cobalt» автокөлігін Көкпекті ауданы, Биғаш ауылының тумалары, белгілі кәсіпкерлер Қайрат және Қайырлы Көпесовтер тікті. Жеңімпазға көліктің кілтін әулет атынан Аман Қайратұлы салтанатты түрде табыстады. Бұл бәйгеде Алматы қаласынан келген «Қамбарқасқа» тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Бапкері – Ақтасов Ержан, шабандозы – Абзал Тұрмыс.

Тай жарысы – болашақ тұлпарлардың тартысы

Ұлттық дәстүрдің жалғасы іспетті 5 шақырымдық тай жарысында да бес орынға жүлде тағайындалып, оның жалпы жүлде қорын «Көкпекті» ауыл шаруашылық қоры көтерді. Бірінші орынға 1 500 000 теңге тігілді. Бұл бәйгеде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылынан келген «Шамшырақ» атты тай топ жарды. Иесі – Нұртағы Аманбек, бапкері – Шыныбеков Сырым, шабандозы – Асымқұлов Дамир. Айта кетерлігі, «Шамшырақ» осы уақытқа дейін 24 жарысқа қатысып, соның 17-сінде жеңіске жеткен.

Көкпар – қайсарлық пен командалық рухтың көрінісі

Фестивальдің шарықтау шегі – командалық көкпар сайысы болды. Кіл мықтыны анықтаған бұл додаға барлығы 8 команда қатысып, оның екеуі Көкпекті ауданынан шықты. Тартысты өткен ойын нәтижесінде Жарма ауданының құрамасы бірінші орынды иеленіп, 1 500 000 теңге жүлдені қанжығасына байлады. Абай ауданының құрамасы екінші орынға тұрақтап, 900 000 теңге, ал «Көкпекті-Тайм» командасы үшінші орынға тігілген 600 000 теңгені жеңіп алды.

«Көркейген өлке – Көкпекті» фестивалі – бұл тек спорттық жарыстар мен мәдени бағдарламалар ғана емес, бұл – ұлттық рухты жаңғыртқан, ел бірлігін бекемдеген, ұрпақ санасына салт-дәстүрдің мәңгілік құндылық екенін сіңірген тағылымды мереке. Ұлы Абайдың рухы асқақтаған, тұлпар тұяғы дүбірлеген, ел мен жерге деген махаббат айқын сезілген бұл күн Көкпекті тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив