Облыс әкімі Семейдегі дарынды балаларға білім беретін лицейде болды
Аймақ басшысы Берік Уәли қаланы аралау барысында облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің тыныс-тіршілігімен танысты. Өңірдің жетекші білім беру ұйымдарының бірі саналатын мекеменің оқу үдерісін, материалдық-техникалық базасын көріп, өзекті мәселелеріне назар аударды.
Лицей орналасқан ғимарат 1984 жылы балабақша ретінде салынған, білім ордасы 1994 жылы құрылған. Қазіргі таңда мұнда 222 оқушы білім алып жатыр, 31 мұғалім еңбек етеді.
Оқу орны білім сапасының тұрақтылығын нақты жетістіктерімен дәлелдеп келеді. «Білім-Инновация» лицейі жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы нәтижесінде «100 үздік олимпиадалық мектеп» тізіміне енді. Сонымен қатар «Үздік ұйым – 2025» облыстық конкурсының жеңімпазы атанып, 30 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
Ерекше атап өтерлігі, лицей 2011 жылдан бері облыстың үздік олимпиадалық командасы мәртебесін сақтап келеді. Бұл – білім беру қызметінің жоғары деңгейде, жүйелі әрі нәтижелі ұйымдастырылып отырғанының айқын дәлелі.
Мектеп интернат режимінде жұмыс істейді. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына, зияткерлік әлеуетін арттыруына барлық қажетті жағдай жасалған.
Білім ордасында бірқатар өзекті мәселелер де бар. Мектеп директоры Серік Айдарбеков облыс әкіміне оқу орнының материалдық-техникалық базасының ескіргенін, оқу кабинеттерінің тарлығын айтып, жаңа ғимарат салудың қажеттігін жеткізді.
Ғимараттың оқу кабинеттері мен спорт залын аралап, оқушылармен және мұғалімдермен пікірлескен аймақ басшысы білім беру сапасына, оқушылардың жетістіктері мен оқу орнының даму бағытына жоғары баға берді. Мектептегі өзекті мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.










