Көкпектілік Қажыгелді Қадыр республикалық Спартакиадада топ жарды
Өскемен қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық Спартакиада барысында Көкпекті ауданының мақтанышы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Қажыгелді Қадыр Хасенұлы үлкен жетістікке қол жеткізді.
Абай облысының құрама командасы сапында өнер көрсеткен Қажыгелді Қадыр қазақ күресінен 90 кг дейінгі салмақ дәрежесінде барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, І орынды қанжығасына байлады.
Ауқымды додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты балуандар қатысып, әр салмақта тартысты белдесулер өтті. Осындай жоғары деңгейдегі жарыста жеңіске жету – табандылықтың, қажырлы еңбектің және ұлттық спортқа деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын дәлелі.
Бұл жеңіс – тек Қажыгелді Қадыр Хасенұлының жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар Көкпекті ауданының, Абай облысының абыройын асқақтатқан зор жетістік. Мемлекеттік қызмет пен спортты қатар алып жүрген жерлесіміз жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын көрінісін көрсетті.
Қажыгелді Қадырдың бұл табысы ауданымызда қазақ күресін дамытуға, бұқаралық спортты өркендетуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тың серпін беретіні сөзсіз.
Жеңімпазды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем ете беруіне тілектеспіз!