Көкпекті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлескен семинар өтті
Көкпекті ауданында азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған кеңейтілген семинар-жиналыс өтті. Іс-шара “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының Көкпекті ауданы бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен Көкпекті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасындағы өзара ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – күнделікті қызмет барысында туындайтын өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды заңнама талаптарына сәйкес бірізді шешу жолдарын қарастыру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болды. Кездесу барысында сала мамандары азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін күшейту, құжаттарды рәсімдеу кезінде жіберілетін қателіктердің алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жиын барысында некені мемлекеттік тіркеу тәртібі, баланың тууын тіркеу, әкелік фактісін анықтау, туу туралы анықтама беру және оның қолданыстағы формалары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, әлеуметтік сала қызметкерлері мен азаматтық хал актілерін тіркеу мамандары үшін маңызды саналатын №37 және №11 қосымшалардың ерекшеліктері, оларды толтыру кезіндегі талаптар мен практикалық нюанстар кеңінен түсіндірілді.
Семинар аясында қатысушыларға нақты мысалдар арқылы тәжірибелік ұсыныстар беріліп, жұмыс барысында жиі кездесетін жағдайларға қатысты әдістемелік кеңестер ұсынылды. Мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріліп, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жүйелеу, ақпарат алмасуды жеделдету және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын одан әрі арттыру бағытында ұсыныстар айтылды.
Аталған семинар-жиналыс мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және ең бастысы – тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға оң ықпал етті.