Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.02 597.27 6.59

Көкпектіде зергерлік өнер көрмесі өтті

25-07-2025, 12:34 018.kz

25 шілде күні Көкпекті аудандық Оқушылар сарайының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Шеберлер одағының мүшесі, күміс және түсті металдардан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар жасайтын зергер Оралбек Бекқалиұлының арнайы көрмесі өтті.

Көрме барысында шебер ұлттық зергерлік өнердің қыр-сырын таныстырып, күмістен әшекей бұйымдарын дайындау үдерісін көпшілікке жан-жақты көрсетті. Шеберлік сабағы аясында ол күміс бөлшектерін өңдеу, оларды бір-бірімен біріктіру, сондай-ақ арнайы дайындалған ұяшықтарға асыл тастарды орнату тәсілдерін кезең-кезеңімен түсіндіріп, келушілерге іс жүзінде көрсетті. Бұл көрме жасөспірімдер мен қолөнерге қызығушылық танытқан азаматтар үшін танымдық әрі тағылымды болды.

Оқушылар сарайының басшысы Асқар Дүйсенбекұлы зергердің Көкпекті ауданына арнайы келіп, көрме ұйымдастырғанына ризашылығын білдіріп, шеберге ақжарма тілегін арнап, естелік сыйлық табыстады. Оның айтуынша, Көкпекті мен Самар аудандары бір әкімшілік бірлікте болған кезеңде Оралбек Бекқалиұлы Оқушылар сарайының Самардағы бөлімшесінде қызмет атқарған.

Сондай-ақ, Оралбек Бекқалидың жұбайы Кәмшат Айтау да елімізге танымал сәндік-қолданбалы өнер шебері. Оның қолынан шыққан туындылар республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар көрмелерде жоғары бағаланып келеді. Ол – Қазақстан Республикасы Шеберлер одағының мүшесі әрі «Шығыс кәдесыйы» атты қолөнер шеберлерінің облыстық байқауында жүлделі екінші орын иегері.

Бүгінде ерлі-зайыпты қолөнер шеберлері Ж.Болғамбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінде көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулып келеді. Оралбек Бекқалиұлының Көкпектіде өткен көрмесі келушілердің зергерлік және қолөнер өнеріне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив