Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.02 597.27 6.59

Абай тойында өнер көрсеткен Көкпектіліктер

18-08-2025, 10:44 018.kz

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып, облысымыздың төрінде дүбірлі мереке ұйымдастырылды. Бұл айтулы шара аясында халықаралық және республикалық деңгейде түрлі іс-шаралар өткізіліп, ұлы ойшылдың рухани мұрасы дәріптелді.

Абайдың туған жері – Қарауыл ауылында «Жеті қазына» республикалық ұлттық мәдениет, спорт және туризм байқауы ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам қатысушы үш күн бойы әртүрлі сайыстар бойынша өз шеберліктерін көрсетті.

«Жеті қазына» фестивалі халқымыздың өмір салтын терең таныстыратын, ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны насихаттайтын бірегей жоба болып табылады. Байқаудың құрамына мыналар кіреді: Ер жігіт, Сұлу әйел, Ілім-білім, Қыран бүркіт, Жүйрік ат, Құмай тазы және Берен мылтық.

Ұлттық спорт пен руханиятты үйлестірген «Ер жігіт-2025» сайысында Көкпекті ауданы, Көкжайық ауылының тұрғыны Ерлан Әзімбай аудан атынан бақ сынады. Ерлан ерекше батылдық танытып, Көкпектіден Қарауылға дейінгі 350 шақырымдық жолды өзінің «Қырғыз» атты жүйрігімен жүріп өтті. Белгіленген жолды ол 4 күнде толықтай бағындырып, бұл ерлігін Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арнағанын жеткізді.

Қазақ қызының көркі мен нәзіктігін паш ететін «Сұлу әйел-2025» сайысында Ахан Айгерім аудан намысын қорғады. Бұл сайыста қыздар ұршық иіру, бауырсақ пісіру және ет жіліктеу сияқты ұлттық дәстүрлерді паш етті. Ер жігіттер болса, теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлері арқылы күш қуатын, шеберлігін және шығармашылық қабілетін көрсетті.

Сайыс нәтижесінде Ахан Айгерім «Ақыл мен сұлулықтың үйлесімі» номинациясымен марапатталып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал Ерлан Әзімбай «Ер жігіт» сайысында өнер көрсетіп, ұлттық өнерді дәріптеуге қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. «Ілім-білім» сайысына қатысқан Аягөз Мұқиятқызы ынталандыру сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, «Берен мылтық» сайысында Елдос Төкенов дәстүрлі садақ атуда Көкпекті ауданы атынан өнер көрсетті.

Байқаудың басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді, қазақи болмысты, рухани мұра мен зияткерлік байлықты жаңғырту, жас ұрпаққа үлгі ету. Фестивальге Қазақстанның барлық облыстары, Астана мен Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Абай облысының 10 ауданынан өкілдер қатысты.

Бұл шара Көкпекті ауданының өнерпаз жастарының ұлттық мәдениетті дәріптеуге, қазақи дәстүрлерді сақтауға деген үлесін танытатын маңызды оқиға болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив