Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Конституцияның 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
Бүгін Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шараға Көкпекті ауданының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысты.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі барша жерлестерді еліміздің басты құжаты – Конституцияның мерейтойымен құттықтап, оның тарихи маңызы мен ел бірлігіне қосқан үлесін атап өтті. Конституция – еліміздің демократиялық даму жолындағы басты кепіл, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін заңдық негіз екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, жиында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар облыстық және аудандық деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталды. Марапатқа ие болғандар арасында мәдениет, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және қоғамдық салада табысты қызмет етіп жүрген белсенділер болды. Бұл марапаттар аудан тұрғындарының еңбегін бағалаудың және қоғамдық өмірге қосқан үлесін атап өтудің маңызды көрінісі болды.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының әсем концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Концерт барысында ұлттық музыка мен халық өнерінің көрнекті үлгілері, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Аталған іс-шара – Конституция күнінің тарихи және мәдени мәнін дәріптеп қана қоймай, тұрғындарды ел бірлігі мен тұрақтылыққа баулу, патриоттық сезімін арттыруға арналған маңызды шара болды. Конституция күні – тек заң күні емес, сонымен бірге ел бірлігінің, тұрақтылығының және азаматтық жауапкершіліктің символы екені тағы бір мәрте дәлелденді.






