Семейлік жас информатик екі жыл қатарынан Жәутіков олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды
Алматыда XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті. Халықаралық деңгейдегі беделді білім сайысында Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әкежан Асқар информатика пәні бойынша алтын медаль иеленді.
Информатика бағыты бойынша биыл 157 қатысушы бақ сынаған. Жарыс IOI (International Olympiad in Informatics) талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, қатысушыларға 3 есепті 5 сағат ішінде орындау тапсырылған. Есептер C++, Python немесе Java бағдарламалау тілдерінің бірінде жүзеге асырылып, автоматты тексеру жүйесінде бағаланды.
Әкежан екі тур барысында да жоғары нәтиже көрсетіп, күрделі алгоритмдік тапсырмаларды шешуде логикалық ойлау мен практикалық бағдарламалау дағдыларын тиімді үйлестіре білді.
Жалпы Жәутіков олимпиадасына математика, физика және информатика пәндері бойынша әлемнің 16 елінен 600-ден астам оқушы қатысты. Олардың қатарында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстаннан келген үздік оқушылар бар.