Көкпектіде «Болашақ жастары және жасанды интеллект: білім мен идея дәуірі» атты дөңгелек үстел өтті
Көкпекті аудандық кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында аудан жастарының қатысуымен «Болашақ жастары және жасанды интеллект: білім мен идея дәуірі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараға жастар мәслихатының депутаттары, «Жастар рухы» ұйымының белсенділері, «Көкпекті жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және ауданның белсенді жастары қатысты. Сонымен қатар, Zoom платформасы арқылы арнайы шақырылған спикерлер сөз сөйледі, өз тәжірибелерімен бөлісті және жаңа технологиялардың дамуы мен қолдану жолдарына тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында Жолдауда көтерілген негізгі бағыттар, соның ішінде:
-
жасанды интеллектіні дамыту,
-
цифрлық білім мен инновацияны ілгерілету,
-
жас ұрпақтың технологияларды игеру мүмкіндіктерін арттыру,
кеңінен талқыланды. Жастар өз ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа технологияларды игеру және қолдану маңызды екенін атап өтті.
Шара соңында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын өткізуге белсене атсалысқан ауданның белсенді жастарына алғыс хаттар табысталды. Бұл дөңгелек үстел жастардың білімін арттыру, инновациялық идеяларды дамыту және патриоттық құндылықтарды насихаттау мақсатындағы маңызды іс-шараға айналды.