Cемей-24°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
506.7 593.14 6.53

Президент тапсырмаларын орындау: Солтүстік Аралдың көлемін 34 км³-ге дейін ұлғайту жоспарлануда

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Солтүстік Арал теңізінің ауданын 34 км³-ге дейін, ал оның аумағын 4-5 жыл ішінде 3 913 шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда. Президенттің Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде теңізді сақтау жөніндегі шаралар туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалану мәселесін көтеріп, су ресурстары – энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз етудің маңызды резерві екенін атап өтті. Министрдің сөзінше Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Өткен жылы Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім он жылдық келіссөздердің нәтижесі. Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық сулар мәселесі бойынша құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Осы құқықтық негізде екіжақты комиссиялар құрылып, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз етуде. Дәл осы су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимдерінің нәтижесінде соңғы су аз жылдарында да Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су түсуі қамтамасыз етілді.

«Нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі уақытта 23 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталуға жақын. Бұл Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Солтүстік Аралдың ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 км³-ге дейін артады. Теңізді осы белгілерге дейін толтыру мерзімі 4-5 жылды құрайды», — деп атап өтті министр.

Бұдан бөлек, министрлік Арал – Сырдария бассейнінде Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Сонымен қатар өңірде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар жерге енгізілді, бұл шамамен 500 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Көкарал бөгетінің, сондай-ақ Арал бассейнінің бүкіл су шаруашылығы секторының жобаларын жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін іс-шараларды жүзеге асыруға қаржыландыруды тарту жоспарланған. Солтүстік Арал теңізін сақтау және қалпына келтіру тек экологиялық қана емес, әлеуметтік және стратегиялық міндет болып саналады. Үнемделген су ресурстарының бір бөлігін экожүйелерді қолдауға бағыттау – өңірдің тұрақтылығына, халық денсаулығына және келесі ұрпақтардың болашағына қосылған үлес.

«Су ресурстарының энергетикалық әлеуетіне келсек, Министрлік барлық экономика салалары, соның ішінде гидроэнергетика үшін мемлекеттік су шаруашылығы саясатының ұзақмерзімді жоспарлау құжаттарын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл құжаттарда су балансы жаңартылып, елдің гидроәлеуетіне баға беріледі. Бірінші кезеңде су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарлар әзірленеді, оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде, бассейндік жоспарлар әзірленгеннен кейін, су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарын әзірлеу басталады, оны 2027 жылдың 3-ші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Болжамды су балансы бекітілгенге дейін Министрлік Энергетика министрлігі және жеке инвесторлармен бірлесіп, ГЭС және ГАЭС құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылы Өгем өзенінде гидроэлектрстансалар каскады бар су құбырын салу жөніндегі инвестициялық жоба бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуді бастады, ол мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Жобаның құны 191,7 млрд теңге. Жоба жыл сайын 110 млн текше метр ауыз су беріп, 72 МВт/сағ электр энергиясын өндіруді  көздейді», — деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Министрлік Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы Кіші Оба, Қалжыр, Көксу, Тентек, Лепсі өзендеріндегі жалпы қуаты 1000 МВт-тан асатын 5 ГЭС-ті стратегиялық су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстар тізіміне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұдан бөлек, «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорынмен республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда шағын ГЭС санын арттыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта шағын гидроэнергетика орналастыру әлеуеті 20 МВт болатын 29 гидротехникалық құрылыс  іріктелді. Қазір Қарағанды облысындағы Самарқанд, Ақтөбе облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Қаракөл су қоймаларында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы, аталған бағыттардағы жұмыстар жалғасатын болады және министрліктің бақылауында.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив