Ғылыми қызмет қағидалары Ата Заңмен бекітілуге тиіс
Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев еліміздегі ғылыми қызметтің Ата Заң деңгейінде нақты реттелмегенін, соның салдарынан ел дамуын қамтамасыз етудегі ғылымның рөлі мен мәртебесі төмен екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі басты басымдықтың бірі – заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға негізделген білім мен инновацияға сүйенген экономиканы қалыптастыру. Бұл бағыт еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оның геоэкономикалық және геосаяси кеңістіктегі ұстанымын айқындай түседі.
Жақсыбек Күлекеев ғылым мен инновацияның конституциялық деңгейде бекітілуі ғылыми қызметті тұрақты қаржыландыруға берік құқықтық негіз қалыптастырып, зерттеу орталықтарының, университеттердің және технологиялық компаниялардың жүйелі әрі орнықты жұмыс істеуіне жол ашатынын айтты.
Оның сөзінше, мұндай нормалар көптеген дамыған мемлекеттердің конституцияларында бар. Атап айтқанда, ғылым мен инновацияға сүйеніп, елеулі экономикалық табысқа қол жеткізген Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерді мысалға келтіруге болады. Сондай-ақ Финляндия, Испания және Португалияның өз конституцияларында ғылыми автономия мен академиялық еркіндікке құқықты нақты бекіткенін тілге тиек еткен маман ұлттың болашағы азаматтардың зияткерлік және технологиялық дамуына тікелей байланысты екенін терең түсінуден туындайтынын жеткізді.