Мәди Мырзағараев соттың санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында сот санкциясынсыз ұстау мерзімін қысқарту және адвокатура институтының конституциялық мәртебесін бекіту қажеттігін айтты.
Спикердің айтуынша, жеке бас бостандығы - барлық құқықтың негізі және бұл қағидат Конституцияда нақты тетіктермен бекітілуі тиіс. Қазіргі қылмыстық процесте уақытша ұстаудың ұзақтығы адам құқығына тікелей қатер төндіреді. Мәди Мырзағараев технологиялық мүмкіндіктерді алға тарта отырып, бұл тәжірибені түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, спикер халықаралық деңгейде мойындалған «Миранда қағидасы» - құқықтық мемлекеттің мызғымас өлшемі екенін баса айтты. Соған сәйкес, азамат өз құқығын тағдыры таразыға түскен алғашқы минуттан бастап білуге тиіс. Ал сол құқықтардың ішіндегі ең маңыздысы - кәсіби адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы. Сондықтан Мырзағараев өз сөзінде адвокатура институтының қазіргі құқықтық жағдайына тоқталды. Ол Конституцияда білікті заң көмегіне құқық бекітілгенімен, сол көмекті қамтамасыз ететін негізгі институттың мәтінде нақты аталмағанын айтты. Мәди Мырзағараев Қазақстанда адвокатураның бұрын конституциялық мәртебесі болғанын еске салып, тарихи олқылықты қайта жасамауға шақырды.
Сөз барысында Мәди Мырзағараев қазіргі конституциялық реформаны адвокатураның мәртебесін орнына келтіретін тарихи мүмкіндік деп атап өтті. Ол Конституцияда адвокатураның құқықтық мәртебесін бекіту мемлекеттің жариялаған бағытына, Президент айқындаған стратегиялық бағдарға және қоғамның сұранысына толық сәйкес келетінін баса айтты.