Облыс әкімі шаңғышы Әмірғали Мұратбековке алдағы Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі
Екі аптадан кейін Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Еліміздің 36 спортшысы Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Олардың қатарында жерлесіміз, Үржар ауданының тумасы Әмірғали Мұратбеков бар.
Шаңғышы қазір Ұлттық құрама мүшелерімен оқу-жаттығу жиынында жүргендіктен облыс әкімі Берік Уәли спортшыға құттықтау жолдап, алдағы үлкен жарыста сәттілік тіледі.
Әмірғали Мұратбеков 2005 жылы Үржар ауданында дүниеге келген. Шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының Спорт шебері. 2024 жылы шаңғы жарысынан өткен Қазақстан Республикасы чемпионаттарының жүлдегері, шаңғы роллерінен Әлем кубогінің жеңімпазы болды. 2025 жылы шаңғы жарысынан Әлем чемпионатына қатысып, Қазақстан Республикасының VI Қысқы Спартакиадасының жүлдегері атанды. Шаңғы роллерінен өткен Азия кубогінің үш кезеңінде жүлде алып, Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы болды. Былтыр 19-28 желтоқсан аралығында Шортанды қаласында өткен Қазақстан Республикасы кубогінде Әмірғали Мұратбеков скиатлон (20 шақырым) және масс-старт (30 шақырым) жарыстарында жеңіске жетті. Нәтижесінде Италиядағы 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алды.