Конституциялық реформа: қоғам пікірі ескерілген ашық диалог алаңы
Астанада өткен Конституциялық комиссияның екінші отырысында конституциялық реформа аясында келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Жиынға қатысты өз пікірін білдірген Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын бұл отырыстың қоғам үшін маңызы зор бірнеше негізгі тұсын атап өтті.
Ең алдымен, ол азаматтардың белсенді қатысуына назар аударды. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия жұмысына 2000-нан астам ұсыныстың келіп түсуі қоғамның конституциялық өзгерістерге бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Сонымен қатар барлық ұсыныстардың жинақталған кестеге енгізілуі әрбір пікірдің назардан тыс қалмайтынын және жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Сондай-ақ ол реформаның ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделіп отырғанын атап өтті. Конституциялық комиссия отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуі реформаның ашық форматта өтіп жатқанын білдіреді.
Еркебұлан Тұрсын екінші отырыс барысында қоғамдық институттардың рөлін күшейтуге ерекше мән берілгенін де атап өтті. Оның пікірінше, «Құрылтай» мен «Халық кеңесі» бөлімдерінің талқылануы азаматтық қоғамның үнін ескеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл институттар халық пен билік арасындағы диалогты нығайтып, қоғамдық бақылаудың артуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол реформаның жүйелілігі мен құқықтық сабақтастығына тоқталды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, сондай-ақ Сенат пен Мәжіліс депутаттарының баяндамалары ұсынылып отырған өзгерістердің жан-жақты әрі кешенді түрде ойластырылғанын көрсеткенін айтты.
Қорытындылай келе, Еркебұлан Тұрсын Конституциялық комиссияның екінші отырысы реформаның басты қағидатын – халықтың қатысуымен және халық үшін жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсеткенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл өзгерістер елдегі құқықтық мәдениетті нығайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.