Семейде көше саудасына қойылатын талаптар өзгерді
Бұл туралы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Арайбек Хамзаев кәсіпкерлерлермен өткен жиналыста мәлімдеді. Жиынға Семей қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айдар Альменов пен Семей қаласының жергілікті полиция бөлімінің басшысы Елдос Оразалин қатысты.
Биыл қалалық әкімдік Семей қаласының келбетін жақсарту мақсатында ауқымды тұжырымдаманы әзірледі. Қаламыздың әртүрлі орындарында рұқсат етілмеген көше саудалары өте көп. Бейбірекетсіздіктің алдын алу мақсатында, биыл жағалау, Бейбітшілік аралы, Әуезов алаңы мен Абай алаңында ғана көше саудасымен айналысуға рұқсат беріледі.
- Қала тұрғындарының демалуға бос кеңістіктің аздығына шағымдануына байланысты, бұрынғыдай Арбатта, облыстық әкімдіктің алдында, көпір астында және т.б. жерлерде көше саудасымен айналысуға тыйым салынады. Біз кәсіпкерлерді әрқашан қолдауға дайынбыз. Бірақ барлығы заң жүзінде жүзеге асуы керек. Кәсіпкерлерге арнайы орындарды белгіледік, келісімшарт негізінде кәсіпкерлер сол аумақтарда көше саудасымен айналыса алады,- деді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Арайбек Хамзаев.
Сонымен қатар, санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмайтын және қаланың сыртқы келбетін бұзатын дүңгіршектердің иелері сауда жасай алмайды.Әр саудагер 5 велосипед пен 5 көлікті жалға бере алады. Көше саудасымен айналысатын әр сауда орнының маңайы таза, арнайы медициналық анықтамасы, басында арнайы телпек және фартугі болуы міндетті. Сондай-ақ, аталмыш орындарда ойыншық сатуға тыйым салынады.
- Ашық кеңістікте ойыншық ластанады. Балалар оны ауызына салады, түрлі бактериялар туындауы мүмкін. Сондықтан, ашық кеңістікте ойыншықтар сатуға рұқсат берілмейді, -деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айдар Альменов.
Айта кетейік, жағалау маңында тұрғындарға қолайлы болу үшін саудагерлерге арнайы орындар қарастырылып, көше саудасы бекітілген қатарда орналасатын болады. Сондай-ақ, жиын барысында дүңгіршектерді қалай ретке келтіруге болатындығы туралы эскиздар көрсетілді.