Cемей-18°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
503.9 603.32 6.61

Сенатта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің жекелеген нормаларын қолдану практикасын қарастыратын Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысы өтті.

Отырысқа Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінің басшылары, өңірлік мәслихат депутаттары, сондай-ақ сарапшы қауымдастық өкілдері қатысты.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров көлік құралы заңға сәйкес жоғары қауіптің көзі саналатынын, ал оны мас күйде басқару қозғалыстарды үйлестіруге және жүргізушінің назарына теріс әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар сенатор алдын алу мақсатымен қолданыстағы санкциялардың дұрыс екеніне назар аударды.

Депутат Марат Қожаев өз сөзінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кешенді тәсілді талап ететінін және оны тек әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан қарастыруға болмайтынын айтты. Депутаттың пікірінше, жол-көлік оқиғаларының деңгейі бірнеше факторларға, оның ішінде жол инфрақұрылымының жағдайына, жол қатысушыларының тәртібіне, жүргізушілерді даярлау сапасына және профилактикалық шаралардың тиімділігіне тікелей байланысты.

«Бұл ретте құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының өсуіне ықпал ететін жүйелі факторларды жоюға айрықша назар аудару қажет», – деді сенатор.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу саласында уәкілетті орган қабылдап жатқан шаралар туралы қатысушыларға ақпарат берді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға қызмет көрсету орталықтары немесе электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті. Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін ол Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялауды ұсынды.

Отырыста автокөлік жолдарының жағдайы, фото және бейнетүсірілім жүйелерін пайдалану, таксомотор және кикшеринг компаниялардың қызметін құқықтық реттеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу саласында ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері де қаралды.

Жиын соңында қатысушылар профилактикалық шараларды одан әрі жетілдіру, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кешенді тәсіл қажет екенін тілге тиек етті. Қабылданған ұсыныстар Комитеттің алдағы жұмысында ескеріледі және ағымдағы сессия барысында өтетін Үкімет сағатында талқыланады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив