Абай облысында жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары күшейтілді
Эпидемиялық маусымға байланысты Абай облысында вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қатысты бақылау және профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева мәлімдеді.
Сонымен қатар облыстың бас штаттан тыс инфекционисті Имдат Эфендиевтің мәліметінше, өткен жылы қызылшаның 39 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Ауру жұқтырғандардың 76,9 пайызы – 9 жасқа дейінгі балалар, ал 74,3 пайызы – екпе алмаған немесе екпе алғандығы белгісіз азаматтар. Сондай-ақ вирусты А гепатитімен сырқаттану 3,14 есе төмендеп, 98 жағдайдан 31 жағдайға азайған.
Қызылшаның таралуын болдырмау мақсатында 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша жаппай вакцинация жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар әсіресе Аягөз ауданында және Семей қаласында күшейтілген. Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцина 1 және 6 жасында егіледі.
Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ол аурудың таралуын шектеп, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты тұрғындарға балалардың екпе алған-алмағанын тексеріп, қажет жағдайда вакцинациядан өтуді және ауру белгілері байқалған кезде медициналық көмекке жедел жүгінуді ұсынады.