Алтай Дюсупов: Конституциялық реформалар денсаулық сақтау саласының дамуына берік негіз қалайды
Семей медицина университетінің ректоры – Басқарма төрағасы Алтай Дюсупов Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық реформалар денсаулық сақтау саласының дамуына тікелей ықпал ететін маңызды құқықтық негіз қалыптастырады. Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу құқығын күшейтетін шешуші қадам болып табылады.
Алтай Дюсупов Ата Заңда әділеттілік, заң үстемдігі және адамға бағдарланған мемлекет қағидаттарының бекітілуі пациенттердің құқықтарын қорғаумен қатар, медицина қызметкерлерінің кәсіби және құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Бұл, оның пікірінше, денсаулық сақтау жүйесінде сенім мен жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ректор білім, ғылым және инновацияны ел дамуының негізгі басымдығы ретінде айқындау медициналық ғылымды, клиникалық зерттеулерді, биомедицина мен жасанды интеллектіні медицина саласына енгізуді жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған жаңа нормалар электронды медициналық деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашатынын жеткізді.
Одан бөлек, экология мен табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттарының конституциялық деңгейде бекітілуі қоғамдық денсаулықты қорғау, экологиялық және радиациялық қауіпсіздік мәселелеріне жүйелі көзқарас қалыптастыратынын атап өтті.
Жалпы алғанда, Алтай Дюсупов ұсынылып отырған конституциялық реформалар денсаулық сақтау жүйесін тұрақты дамытуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және халық денсаулығын қорғаудың берік құқықтық негізін қалыптастыруға қызмет ететініне сенім білдірді.
Семей медицина университеті өз тарапынан ұсынылып отырған конституциялық реформаларды толық қолдайтынын және оларды денсаулық сақтау саласының сапалы дамуына бағытталған маңызды қадам ретінде бағалайтынын мәлімдеді.