Полиция департаменті жалған ақпараттың таралуына қатысты түсініктеме берді
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты тараған жалған ақпарат жөнінде түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жаңа Конституция жобасында шетелдіктерге жер сату жөніндегі тыйым алынып тасталды деген жалған ақпарат тараған. Алайда бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және фактілердің бұрмалануы болып табылады.
Полиция департаменті жер мен табиғи ресурстарға қатысты қолданыстағы конституциялық нормаларға ешқандай өзгеріс енгізілмегенін атап өтті. Аталған талаптар Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясында белгіленген нормаларға толықтай сәйкес келеді.
Сонымен қатар, жалған ақпарат таратудың құқықтық салдары бар екені ескертілді. Анықталған дерек бойынша ақпаратты таратқан А. есімді азамат Алматы қаласының аудандық әкімшілік сотының қаулысымен жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұлға тартылған.
Алматы қаласы Полиция департаменті азаматтар мен медиа қауымдастық өкілдерін тек ресми әрі тексерілген ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, жалған ақпаратты жария кеңістікте таратудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.