Абай облысында көктемгі су тасқынына дайындық барысы тұрақты бақылауда
Абай облысында 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков мәлімдеді.
Облыс аумағында 326 елді мекен бар, оның 64-і су басу қаупі бар аумаққа жатады. Бұл тізім Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырысында бекітілген.
Семей қаласында арықтар мен су бұру арналары тазартылып, жағалаулар нығайтылып, дамба және жаяу жүргіншілер көпірлері салынды. Аудан әкімдіктері қосымша алдын алу шараларын да жүргізді. Облыстағы гидротехникалық нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, су қоймаларында бос сыйымдылық жеткілікті, жағдай тұрақты бақылауда. Биыл авариялық жағдайлар тіркелмеген.