Облыстағы агроөнеркәсіп кешенін қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте агроөнеркәсіптік кешені субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар барысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.
2024 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің ірі инвестициялық жобаларын қаржыландыру бағдарламасы аясында 11,0 млрд теңге қаражат бөлініп, 2025 жылы 11 жобаға бағытталды. Көктемгі дала және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін «Кең дала» бағдарламасы аясында 2025 жылы облыс шаруаларына 9,5 млрд теңгеге 202 несие берілді. 2026 жылға бағдарлама аясында 14,0 млрд теңге көзделіп, қазіргі таңда 4,9 млрд теңгеге 51 несие берілді.
Ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2025 жылы 13,5 млрд теңгеге лизинг беріліп, 592 техника сатып алынды. Биыл лизинг көлемін 16,0 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2025 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыс шаруаларына 51,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ағымдағы жылы 52,8 мың тонна дизель отынына 1 171 өтінім қабылданды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,6 мың тоннаға артық.
Облыста қой шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Осыған орай 2026–2030 жылдарға арналған салалық бағдарлама әзірленуде. Қаржыландыру «Игілік» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады деп көзделуде.
Аймақ басшысы жиында аудан әкімдеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативін құруды, машина-трактор паркін жаңарту жұмысын жалғастыруды, Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп «Кең дала» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты тиімді игеріп, көктемгі және күзгі дала жұмыстарының жоспарлы көрсеткіштерін орындауды тапсырды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында өңірде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Бұл ретте сауда үстемесі 15% деңгейінде шектелді. Аталған шаралар инфляцияны тұрақтандыруға және делдалдардың үлесін азайтуға бағытталған.
Бүгінгі күні «Семей» ӘКК» АҚ-ның қарамағында 12 әлеуметтік павильон бар. Халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолжетімділігін арттыру мақсатында қосымша 5 әлеуметтік павильон орнату жоспарлануда.
Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін баға мониторингін күшейтуді және заң бұзушылықтарға шара қолдануды тапсырды. Сондай-ақ, тұрақтандыру қоры өнімдерін нарыққа белсенді шығаруды және әлеуметтік павильондар санын арттыруды жүктеді.







