Абай облысында қар тазалау және шығару жұмыстары тұрақты жүргізілуде
Облыс аумағында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар тазалау және шығару жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Коммуналдық және жол қызметтері елді мекендер мен жолдарда күшейтілген режимде жұмыс атқаруда.
Бесқарағай ауданының орталығы Бесқарағай ауылында 42 көшені қардан тазалау және кеңейту жұмыстарына 4 арнайы техника мен 8 жұмысшы жұмылдырылған. Жыл басынан бері ауыл аумағынан 4000 текше метр қар шығарылды. Сонымен қатар, Канонерка, Баскөл, Малая-Владимировка ауылдық округтерінде де қар тазалау жұмыстары жүргізіліп, аудан бойынша барлығы 10780 текше метр қар шығарылған. Ауданда орналасқан 158 су өткізу құрылысының су ағарлары тазартылуда. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 6 200 дана қапшық қоры дайындалған.
Көкпекті ауданында биыл қар мөлшері жылдағыдан айтарлықтай көп түскен. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес қардың қалыңдығы 60 сантиметрге жетіп, жердің қату деңгейі 98 сантиметрді құраған. Аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын тазалау жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Аудан бойынша жалпы ұзындығы 500,6 шақырымды құрайтын жол желісіне қызмет көрсетілуде. Қар тазалау жұмыстарына 5 тиегіш, 2 грейдер, 6 МТЗ тракторы және 4 КамАЗ техникасы жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағынан 2 000 текше метр қар шығарылды.
Бородулиха ауданында аумақтарды қардан тазалау және қарды уақытылы шығару жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес күн сайын жалғасуда. Көлік қозғалысының үздіксіздігін және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 2 автогрейдер, 4 тиегіш техника және 12 самосвал жүк көлігі жұмылдырылуда. Коммуналдық қызметтер автомобиль жолдарын, жаяу жүргіншілер жолдарын, қоғамдық орындарды және әлеуметтік маңызы бар нысандарға кіреберіс жолдарды қардан тазартуда. Қыс басталғалы аудан аумағынан 28 500 текше метрден астам қар шығарылды.
Аягөз ауданында қар тазалау және шығару жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті негізде 12 арнайы техника жұмысқа тартылған. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 15 900 текше метр қар шығарылды.
Ал Үржар ауданында қардың қалың түсуіне байланысты қар тазалау жұмыстары ерте басталып, үздіксіз жүргізілуде. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы техникалар тәулік бойы қызмет атқаруда. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тазалау жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Аудан бойынша барлығы 47 арнайы техника жұмылдырылған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 10 техника қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытқа дейін аудан аумағынан 3 000 текше метрге жуық қар шығарылды.