ЕАЭО аумағында тасымалдарды навигациялық пломбалар арқылы қадағалау енгізілді
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі №84 шешіміне сәйкес, 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында тасымалдарды навигациялық пломбаларды қолдану арқылы қадағалау тетігі енгізілгенін хабарлайды.
Бұл шара ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы Келісім шеңберінде жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе транзиттік ағындардың ашықтығын арттыруға, тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге және жүк тасымалдау кезінде бақылауды күшейтуге бағытталған.
Қадағалау жүйесі кезең-кезеңімен келесі бағыттар бойынша енгізіледі:
• кедендік транзит және экспорт кедендік рәсімдері кезінде;
• ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасы шеңберінде;
• автомобиль және теміржол көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 10 қыркүйектегі №731 қаулысына сәйкес, тасымалдарды қадағалаудың ақпараттық жүйесінің ұлттық операторы болып «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЖШС айқындалды.
Ұлттық оператор Қазақстан Республикасының бақылаушы органдарымен, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті операторларымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды енгізіліп отырған талаптарды назарға алып, өз қызметінде ескеруге шақырады.