Семейде жаңа қонақ үй салу жобасы талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Hexo Hotels Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Семейде заманауи қонақ үй салу жобасы таныстырылды.
«Hexo Hotels Group» – ел аумағында қонақ үйлерді дамыту бойынша халықаралық Accor компаниясының серіктесі. Компания елімізде қонақ үй бизнесін дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта компанияның Қазақстан бойынша 10-нан астам жобасы бар.
Жобаға сәйкес Семейде 5 қабатты қонақ үй кешенін салу жоспарлануда. Нысан құрамында фитнес залы, SPA орталығы, кеңсе бөлмелері, конференц-зал, автотұрақ, мейрамхана және жазғы терраса қарастырылған. Жоба өңірдің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы инвесторларға өңірге деген қызығушылықтары үшін алғыс білдіріп, жобаның жүзеге асуына жергілікті әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.





