Cемей-20°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
490.58 584.77 6.34

Сенатта мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Парламенті Сенатында «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру – елдің құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды шарты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Отырыс барысында мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алуға, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға және қоғамдық бақылау тетіктерін дамытуға бағытталған нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтілді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, қоғамда оған төзбеушілік көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Дөңгелек үстел жұмысын аша отырып, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне жүйелі әрі кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, оның елдің тұрақты дамуы және құқықтық институттарды нығайтумен тікелей байланысты екенін айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Сыбайлас жемқорлық елдің тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіреді, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді және заң үстемдігі қағидаттарының орнығуына кедергі келтіреді. Сондықтан онымен күрес жекелеген шаралармен шектелмей, жүйелі, бірізді және нәтижелі саясатты талап етеді. Соңғы жылдары бұл бағытта елде ауқымды жұмыс атқарылды: қажетті заңнамалық база қалыптасты, институционалдық тетіктер құрылды, алдын алу мәселелеріне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға баса назар аударылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігі көп жағдайда мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы және қоғам арасындағы ашық әрі сындарлы диалогқа байланысты. Осы салада теңгерімді әрі тәжірибеге бағытталған шешімдер әзірлеу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті және еліміздің одан әрі құқықтық әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асыру барысын хабарлады. Бүгінгі таңда іс-қимыл жоспарының шамамен 75 пайызы орындалғаны, оның ішінде мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау, толық автоматтандырылған және проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар институтын дамыту шаралары бар екені атап өтілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметіне сәйкес, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2025 жылы 873 қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде 686-ы (79%) – сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Олардың басым бөлігі парақорлыққа 450 іс (66%), ұрлыққа 250 іс (36%) тиесілі. 836 қылмыстық істің тергеуі аяқталып, 734-і сотқа жолданды. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша тергеліп жатқан істер саны 2,5 есе артқан. Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 22,3 млрд теңгені құрап, оның 13,5 млрд теңгесі бюджетке өндірілген, құны 3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынған.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында Сот әкімшілігінің, Парламентаризм институтының, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының және «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шара қатысушылары заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар Комитеттің алдағы заң шығару қызметінде ескеріліп, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыруға бағытталатыны атап өтілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив